"Соңына дейін күрестік": Ясмина Тоқсанбаева Азия ойындарындағы алтынының жойылғанын хабарлады
Қазақстандық жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаева Жапонияда өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында спорттық жүрістен көрсеткен жеңіс нәтижесінің жойылғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ясмина Тоқсанбаева 42,195 шақырым қашықтықта спорттық жүрістен өткен марафонда 3 сағат 22 минут 20 секунд нәтижесімен бірінші болып мәреге жетті. Алайда еліміздің Ұлттық Олимпиада комитетінің мәлімдеуінше, Ясминаның жарыс кезінде киген аяқ киіміне қатысты дау туған. World Athletics халықаралық жеңіл атлетика федерациясы келіспеушілкті зерттеп, аталған аяқ киім үлгісінің рұқсат етілген тізімге кіретін-кірмейтінін тексерді.
Спортшының өзі алтынның жойылғанын айтса да, жарыстың ресми порталында төрешілердің түпкілікті шешімі әлі жарияланған жоқ.
"Нәтиже жойылды. Біз соңына дейін күрестік. Осындай қысқа сәтте эмоциям үшін кешірім сұраймын. Мен қатты алтын медаль сыйлағым келді. Бірақ Алланың ісіне шара жоқ. Тіпті бұл жағдай да арманыма ұмтылған мені тоқтата алмайды. Соңына дейін мен үшін күрескен қаһармандарыма алғыс айтамын. Бүгін мен мыңдаған бөлікке шағымдым", – деп жазды Ясмина желідегі парақшасында.
Қазақстандық спортшы жарыстан шеттетілгеннен кейін марафондық қашықтықтағы спорттық жүрістен алтын медальді қытайлық Данцзин Цюйцзун иеленді. Күміс медаль оның отандасы Ли Маға, ал қола жапониялық Юкико Умэноға бұйырды.
Фото мен видеолардан қазақстандық спортшының ASICS Magic Speed (4) кроссовка кигенін көруге болады. World Athletics ұйымының кроссовкалар тізімін ашып, ASICS бренді бойынша қарасақ, Magic Speed топтамасының бірінші, екінші, үшінші және бесінші нұсқаларының жолдағы жарыстарға қатысуға рұқсаты бар екенін көруге болады. Ал Ясмина киген төртінші нұсқасы тізімде жоқ сияқты. Яғни, ресми тізімге қарап, бұл кроссовканың жарыс ережелеріне сәйкес келетін-келмейтіні анық емес.
Road Trail Run мәліметінше, Magic Speed 4 кроссовкасының өкше тұсындағы биіктігі 43,5 мм-ге жетеді, кей деректерде 42,5 мм деп көрсетілген. Бұл World Athletics белгілеген 40 мм шектен жоғары. Сонымен қатар Magic Speed 3 нұсқасымен салыстырғанда табан биіктігі 7,5 мм-ге артық болған.
Осыған қарағанда, ASICS-тің алдыңғы нұсқасы белгіленген талаптарға сай келген, ал төртінші нұсқасы қалың аралық табанына байланысты ресми жарыстарға жарамсыз болуы мүмкін. ASICS компаниясы бұл модельді бастапқыда жаттығуға арналған кроссовка ретінде таныстырған. Ол көміртекті пластина мен барынша жоғары амортизацияны үйлестіретін супертренерлер деп аталатын санатқа жатады.
Қазақстан құрамасының қоржынында 2026 жылғы Азия ойындарында тоғыз алтын медаль бар. Жалпы медальдар кестесінде команда бесінші орында тұр.
Еске салайық, Ясмина Тоқсанбаева Жапонияда өткен марафондық қашықтықтағы спорттық жүрістен жеңіске жеткен еді.
“Отандасымыз жарысты 3 сағат 22 минут 20 секунд нәтижесімен аяқтады. Мәреге екінші болып қытайлық Даньцзэн Цюйцзун жетті – 3:26:09. Тағы бір қытайлық спортшы Ма Ли 3:32:26 нәтижесімен үздік үштікті түйіндеді”, – делінген Ұлттық олимпиадалық комитет хабарламасында.
Бұл – Қазақстан құрамасының Азиада-2026 ойындарындағы тоғызыншы алтын медалі.
"Әскерден келген соң үйленеміз деп еді": Каспийде қаза тапқан сарбаздардың жақындары жанайқайын жеткізді