Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Азиядада алтыннан қағылған Ясмина Тоқсанбаваға федерация өз есебінен сыйақы төлейді

Ясмина Тоқсанбаева (1)
Фото: instagram.com/olympickz

Қазақстандық жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаева Жапонияның Аичи және Нагоя қаласында өткен 2026 жылғы Азия ойындарында мәреге бірінші болып келіп, алтын алған еді. Алайда аяқ киім дауына байланысты спортшы жүлдеден қағылды. Жеңіл атлетика федерациясы жағдайды түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жеңіл атлетика федерациясының мәлімдеуінше, жарыс басталар алдында Ясминаның спорттық аяқ киімі тексеріліп, оған жарысқа қатысуға рұқсат берілген. Алайда ол жеңіске жеткеннен кейін аяқ киімге қатысты наразылық білдірілді. Себебі оның киген аяқ киімінің нақты моделі World Athletics ұйымының қолданыстағы тізімінде болмаған. Бұл ретте ASICS бренді тізімде рұқсат етілген.

Енді Федерация бұл шешімге шағымданып, спортшының нәтижесін қорғауды жалғастырады. Даудың нәтижесіне қарамастан, ұйым Ясминаға тиесілі барлық жүлде қаражатын өз қаражаты есебінен төлеуге уәде берді.

"Біз үшін Ясмина – чемпион", – деп мәлімдеді Федерация.

Сонымен қатар қазір Қазақстанның қоржынында ресми түрде алтын медаль жоқ. Спортшының нәтижесі жойылды, ал бұл шешімге шағым беріліп жатыр.

Еске салайық, 27 қыркүйекте қазақстандық спортшы Ясмина Тоқсанбаева Азия ойындарындағы спорттық жүріс жарысында бірінші болып мәреге жетіп, Қытай спортшыларынан озып шықты.

Жарыстан кейін World Athletics ережесіне сәйкес әйелдер мен ерлер арасындағы үздік үш спортшының аяқ киімі тексерілді. Тексеру барысында Тоқсанбаеваның аяқ киім үлгісі жарыстарда пайдалануға рұқсат берген модельдер тізімінде жоқ екені анықталды.

Осыған байланысты спортшының аяқ киімі суретке түсіріліп, тиісті ақпаратпен бірге World Athletics-ке ресми қорытынды алу үшін жіберілді. Халықаралық федерацияның жауабы шыққанға дейін марапаттау рәсімі кейінге қалдырылды.

Кейін қазақстандық жеңіл атлет спорттық жүрістен көрсеткен жеңіс нәтижесінің жойылғанын мәлімдеді.

World Athletics талабы қандай?

World Athletics-тің спорттық аяқ киімге қатысты талаптары халықаралық федерация кеңесінің 2026 жылы 19 наурыздағы шешімімен жаңартылып, 20 сәуірден бастап күшіне енген. Бұл ақпарат World Athletics-ке мүше барлық ұлттық федерацияларға жіберілген.

Жаңа ережелер күшіне енген соң олар жарыстың барлық қатысушысы үшін міндетті болды. Талаптарды бұзу спортшының нәтижесін жоюға негіз болуы мүмкін.

World Athletics кейін қазақстандық спортшы пайдаланған аяқ киім үлгісінің жарыстарда қолдануға рұқсат етілмегенін ресми түрде растады. Халықаралық федерацияның қолданыстағы ережесіне сәйкес, мұндай жағдайда спортшының нәтижесі жарамсыз деп танылады. Оған қоса жарыстың қорытынды хаттамасына өзгеріс енгізіледі.

Аичи – Нагоядағы Азия ойындарында бұл ереже бұған дейін де қолданылған. Жеті сайысқа қатысқан ирандық спортшы Мохитзаденің аяқ киімі де World Athletics мақұлдаған модельдер тізімінде болмаған. Соның нәтижесінде оның көрсеткіші жойылды.

Қорытынды хаттамаға өзгеріс енгізілген соң бұған дейін төртінші орын алған қазақстандық спортшы Алина Чистякова үшінші орынға көтеріліп, қола медаль иеленді.

Біздің тарап не істеп жатыр?

Оқиға белгілі болған сәттен бастап Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті World Athletics, Азия жеңіл атлетика қауымдастығы, Азия Олимпиада кеңесі және Қазақстанның жеңіл атлетика федерациясымен тұрақты байланыста жұмыс істеп келеді.

Қазір қазақстандық спортшыға қажет қолдау көрсету және апелляция беру мүмкіндігін қарастыру бойынша жұмыстар жүріп жатыр екен. 

Жағдайға қатысты еліміздің Жеңіл атлетика федерациясы да үн қосты. 

Федерация мәліметінше, World Athletics ұйымының жарыста қолдануға рұқсат етілген аяқ киімдер тізімінде ASICS бренді бар. Алайда Тоқсанбаева киген аяқ киімнің нақты моделі аталған тізімнен табылмаған. 

Федерация маңызды жайтқа назар аударды: Ясминаның аяқ киімі жарыс басталғанға дейін тексеріліп, спортшыға сол аяқ киіммен жарысқа қатысуға рұқсат берілген. Осыған байланысты Қазақстанның Жеңіл атлетика федерациясы қабылданған шешімге наразылық білдіріп, шағым түсірген. Федерация бұл жағдайдағы өз жауапкершілігін де жоққа шығармайтынын айтты. 

“Біз үшін Ясмина – чемпион. Федерация оны қолдауды жалғастырады. Біздің жіберген шағымымыз бен наразылығымыздың нәтижесіне қарамастан, чемпионға тиесілі барлық сыйақы Федерацияның өз қаражаты есебінен толық көлемде төленеді”, – делінген ресми мәлімдемеде.

Айта кетейік, бұған дейін Ясмина Тоқсанбаева Азиядада аяқ киімнің кесірінен алтыннан айырылғаны туралы жазған едік. 

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 29 Қыркүйек, 2026 11:25