"Қолын созса да, амандаспадым": Мұқасан Шахзадаев Нұрланмен арақатынасы туралы айтты
Бұрынғы “Нұр-Мұқасан” тобының мүшесі Мұқасан Шахзадаев “Жетінші арнаға” берген сұхбатында кезінде бір сахнада өнер көрсеткен Нұрланмен бүгінде араласпайтынын айтты. Тіпті бұрынғы серігі амандасуға қол созған кезде де жауап бермегенін жасырмады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мұқасан Шахзадаевтың айтуынша, екеуі бірнеше рет тойда кездескенімен, бұрынғы әріптесінің амандасуға созған қолын алмаған.
“Мен амандаспаймын. Екі-үш тойда қызу думан болып жатқанда маған қолын созды. Қолын алмадым. Ең бастысы, аман болсыншы”, – деді Мұқасан Шахзадаев.
Әнші мұндай шешімге не себеп болғанын ашып айтпады. Дегенмен оның сөзінен бұрынғы сахналас серігімен әлі күнге дейін араласпайтынын аңғаруға болады.
Мұқасанның бұл мәлімдемесі желі қолданушыларының қызу талқысына түсті. Көпшілік қанша жерден реніш болса да, амандасуға қол созған адамның бетін қайтаруды құптамаған.
“Адам жауымен де амандасады”, “Нұрланның бірінші болып қол созғаны оның адамгершілігін көрсетеді”, “Сенсіз де Нұрланның таңы атады. Бірақ амандасуға созған қолды алу керек”, “Ер адамның әңгімесі ме осы?”, “Өркөкіректік пен тәкаппарлық адамға жараспайды”, – деп жазды желі қолданушылары.
Мән-жайы
Еске салайық, былтыр қарашада “Нұр-Мұқасан” тобының жаңа мүшесі Ғалымжан Сүлеймен әлеуметтік желіде топтың экс-әншісі Мұқасан Шахзадаевтың өзін сабап тастағанын мәлімдеді. Ғалымжанның айтуынша, жанжал әндерді рұқсатсыз орындағаны үшін сотқа беру мәселесінен туындаған. Келісім жасасқаннан кейін, Мұқасан адамдарымен бірге келіп, оны сөзбен қорлап, соққыға жығып кеткен. Сол сәтте әнші мас болған. Жәбірленушіге ота жасалып, мұрны мен қолы сынған.
Ғалымжанның адвокаты Инга Иманбай оқиғаның келісіммен шешілуге тырысқан кезде шабуылға ұласқанын және Мұқасан бірнеше күн байланысқа шықпағанын айтты. Алматы ПД қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізді. Кейін Мұқасан Шахзадаев ұсталды, тергеу амалдары басталды. Адвокат 107-бап 2-бөлігі бойынша, алдын ала сөз байласумен денсаулыққа зиян келтіру фактісі бойынша, түрме жазасы талап етілетінін айтты.
Бұған қарамастан Мұқасан Шахзадаев алматылық концерттің бірінде сахнаға, көрермен алдына шыққаны байқалды.
Ал 2026 жылғы шілдеде осы іс бойынша сот үкімі шықты. Сот Мұқасанның көмекшісі Азамат Есіркеновті кінәлі деп танып, оған 86 500 теңге айыппұл салды. Ал Мұқасан Шахзадаев сотта айыпталушы емес, куәгер ретінде жауап берді.
Дегенмен жәбірленуші Ғалымжан Сүлеймен сот шешімімен келіспейтінін мәлімдеді. Ол өзіне Мұқасан Шахзадаевтың да қол көтергені туралы сөзінен бас тартпайтынын айтып, үкімге апелляциялық шағым түсіретінін жеткізген еді.
