Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әнші Ғалымжан Сүлейменді соққыға жығу ісі: Мұқасан Шахзадаевтың әкімшісі сотталды

Ғалымжан Сүлеймен мен Мұқасан Шахзадаев
Фото: Іnstagram.com/mukassan_shakhzadayev / Видеодан скриншот

Жеті айға созылған “Нұр-Мұқасан” тобына қатысты дау бойынша сот үкімі шықты. Бір жарым айға жалғасқан сот процесінде Мұқасан Шахзадаев айыпталушы емес, куәгер ретінде жауап берді. Ал істе басты айыпталушы ретінде оның көмекшісі Азамат Есіркенов танылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Іс әнші Ғалымжан Сүлейменнің соққыға жығылғаны туралы шағымынан кейін қозғалған еді. Жәбірленуші оқиғаға Мұқасан Шахзадаевтың да қатысы бар екенін айтқанымен, сотта оның көмекшісі Ғалымжанмен жанжалдасып, қол көтергенін мойындап, танымал әншінің бұл жағдайға қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

КТК арнасының мәліметінше, прокурор айыпталушыны 100 сағат қоғамдық жұмысқа тартуды сұраған. Алайда сот Азамат Есіркеновті Қылмыстық кодекстің 108-1-бабы бойынша кінәлі деп танып, оған 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде – 86 500 теңге айыппұл салды. Сотталушы айыппұлды үкім күшіне енгеннен кейін бір ай ішінде төлеуге тиіс.

Ал жәбірленуші Ғалымжан Сүлеймен сот шешіміне көңілі толмайтынын жеткізді. Оның айтуынша, жанжал кезінде мұрны сынып, басынан бірнеше жарақат алған және кейін ота жасатуға мәжбүр болған. Әнші өзіне тек көмекші емес, Мұқасанның өзі де қол көтерді деген сөзінен бас тартпай отыр.

“Он ұйықтасақ та, түске кірмеген олай куәгер боп келеді деп. Сот залында куәгерді шақырыңыз деп, сол кісі кіріп келген кезде аң-таң болдық, сөздің шыны керек. Сол кезден бастап күмәндана бастадым. Куәгердің сөзі бар, сараптама бар, жәбірленуші менің сөзім бар. Менің алғашқы күннен берген арыз-шағымым бар. Сол күні “102” келіп алып кеткен күндегі арыз-шағым жоқ, істе де жоқ. Бүгінгі соттың шешімі, мен күткендей, әділдікке ұласпады. Мен алғашқы күннен бері айтып келе жатқан жауабымдамын. Оны екі сот медициналық сараптамасы да растады және куәгердің сөзімен де расталды”, – деді Ғалымжан Сүлеймен.

Жанжалға әнге қатысты авторлық құқық мәселесі себеп болған. Ғалымжан Сүлейменнің нұсқасы бойынша, Мұқасан Шахзадаев бұрынғы серігі Нұрлан мен арт-директордың оның әнін орындағанына наразы болып, оларды кездесуге шақырған. Артынша жанжал төбелеске ұласқан.

“Соттан әділ шешім күткен едім. Алайда бүгінгі үкім менің күткенімдей болмады”, – деген Ғалымжан Сүлеймен енді апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.

Мән-жайы

Еске салайық, былтыр қарашада “Нұр-Мұқасан” тобының жаңа мүшесі Ғалымжан Сүлеймен әлеуметтік желіде топтың экс-әншісі Мұқасан Шахзадаевтың өзін сабап тастағанын мәлімдеді. Ғалымжанның айтуынша, жанжал әндерді рұқсатсыз орындағаны үшін сотқа беру мәселесінен туындаған. Келісім жасасқаннан кейін, Мұқасан адамдарымен бірге келіп, оны сөзбен қорлап, соққыға жығып кеткен. Сол сәтте әнші мас болған. Жәбірленушіге ота жасалып, мұрны мен қолы сынған.

Ғалымжанның адвокаты Инга Иманбай оқиғаның келісіммен шешілуге тырысқан кезде шабуылға ұласқанын және Мұқасан бірнеше күн байланысқа шықпағанын айтты. Алматы ПД қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізді. Кейін Мұқасан Шахзадаев ұсталды, тергеу амалдары басталды. Адвокат 107-бап 2-бөлігі бойынша, алдын ала сөз байласумен денсаулыққа зиян келтіру фактісі бойынша, түрме жазасы талап етілетінін айтты.

Бұған қарамастан Мұқасан Шахзадаев алматылық концерттің бірінде сахнаға, көрермен алдына шыққаны байқалды.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 16 Шілде, 2026 12:15