Астанадан Майамиге: Тимур Рахишов Red Bull Wings Cup әлемдік финалында Қазақстанның намысын қорғайды

Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған 3 мыңға жуық ойыншы, екі жарыс лигасы және бір жеңімпаз. Алматыда киберфутболдан өткен Red Bull Wings Cup 2026 турнирінің ұлттық кезеңі аяқталды. Бас жүлдені елордалық Тимур Рахишов жеңіп алды. Енді ол 80 елдің үздік ойыншыларымен бірге әлемдік додада бақ сынайды.
8 қарашада Алматыдағы Central Stand Up Club алаңында Red Bull Wings Cup Kazakhstan 2026 турнирінің ұлттық финалы өтті. Қазақстан атынан халықаралық жарысқа қатысу құқығы үшін ашық және университеттік лиганың іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өткен үздік ойыншылар өзара сынға түсті.
Финалға төрт ойыншы шықты: Тимур Рахишов (misatonyx), Әдият Төлепбергенов (Tulik9), Ақназар Бексеитов (aka_nolito) және Әлішер Мұқанали (alish_back). Олардың әрқайсысының киберфутболдағы жолы әртүрлі. Бірі бұл ойынға бала кезінен қызықса, енді бірі достарымен өткізген алғашқы матчтардан кейін кәсіби жарыстарға дейін жеткен. Финалистердің арасында ұлттық және халықаралық турнирлерге қатысып, кәсіби командалар сапында өнер көрсеткен ойыншылар да бар.
Турнир қорытындысы бойынша бас жүлде елордалық Тимур Рахишовке бұйырды. Ол Nomad Venture Studio компаниясында әзірлеуші болып жұмыс істейді. Киберфутболға бала кезінен әуес Тимур алғашқы қадамдарын FIFA 14 ойынынан бастаған. Уақыт өте келе бұл қызығушылығы кәсіби деңгейдегі жарыстарға ұласты.

Тимурдың қоржынында бірқатар ірі жеңіс бар. Ол 2019 жылы Setanta Pro League турнирінде, 2025 жылы Students League жарысында топ жарған. Сондай-ақ 2026 жылы Games of the Future турнирінің ұлттық іріктеу кезеңінде жеңіске жетіп, GOTF Contenders жарысында бірінші орын алған. Бұған қоса, ACF командасының құрамында Games of the Future додасында үздік 5–8 ойыншының қатарына енген.
Жарыстарға қатысу тәжірибесі мол болғанымен, Тимур әр турнир алдында қатты қобалжитынын жасырмайды. Алайда бұл жолы жағдай мүлде басқаша болған.
"Әдетте турнир алдында қатты уайымдаймын, тіпті дұрыс ұйықтай алмаймын. Ал бұл жолы мүлде қобалжыған жоқпын", – дейді жеңімпаз Тимур Рахишов.
Енді Тимур Рахишов Қазақстан атынан АҚШ-тың Майами қаласында өтетін Red Bull Wings Cup әлемдік финалында өнер көрсетеді. Онда 80 елдің ұлттық кезеңдерінде жеңіске жеткен ойыншылары халықаралық чемпиондық атақ үшін бақ сынайды.

Red Bull Wings Cup – киберфутболшыларды бір алаңға жинайтын халықаралық турнир. Жарыс ашық және университеттік лига бойынша өтеді. Қатысушылар алдымен ұлттық іріктеу кезеңдерінен өтіп, үздіктер әлемдік финалға жолдама алады.
Жоба туралы толығырақ ақпаратты redbull.com сайтынан білуге болады.