Қара түтінге шағымданған алматылыққа зертханалық сараптаманы өзі жасау талап етілген
Алматы тұрғыны көршілес аумақтағы мұржадан қою қара түтін шығып жатқанына шағымданды. Алайда оған түтін құрамындағы зиянды заттардың мөлшерін анықтау үшін зертханалық сараптаманы өзі жасатып, нәтижесін ұсыну қажеттігі айтылған. Бұл талап тұрғынның наразылығын тудырды. Осыған байланысты Stan.kz Жетісу ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасынан мән-жайды сұрап көрді.
Алматылық Дмитрий Сычев айдың басында тұрғын үйлеріне жақын маңда әлдебір мұржадан қою қара түтін шығып жатқанын және оның адам денсаулығына қаншалықты зиян екенін білу үшін экология департаментіне шағым түсірген.
"19 қазанда көршілес аумақта орналасқан мұржадан қою қара түтін шығып жатқанын байқадым. Осыған байланысты бірден e-Otinish платформасы арқылы Алматы қаласы бойынша экология департаментіне өтініш жолдадым. Алайда экология департаменті өтінішімді Алматы қаласы Жетісу ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жолдаған. Сөйтіп, басқармадан жауап алдым. Онда өтінішіме аккредиттелген ұйым жүргізген зертханалық зерттеу нәтижелерін қоса тіркеуім қажет екені айтылған. Яғни, мұржадан шығып жатқан қара түтінге қатысты шағым түсіру үшін зиянды заттардың мөлшерін анықтайтын зертханалық зерттеу жүргізіп, оның нәтижесін өзім ұсынуым керек", – дейді Дмитрий Сычев.
Дмитрий Сычев мұржаның координаттары: 43.327448, 76.912037 деп көрсеткен.
Редакция мұржаның орналасқан жерін зерттей келіп, (43.327448, 76.912037) ғимараттың Алматы қаласындағы Солтүстік айналма жолы, 37А мекенжайында орналасқаны байқалады. Google Maps және Google Earth сервистерінен қарағанда, нысан шағын зауытқа ұқсайды.


Google Earth деректерінде нысанның 2002 жылдан бері бар екені байқалады.
Алайда 2GIS картасынан ғимараттың орналасқан жерін таңдағанда мекенжайы өзгеше көрсетілген. Сонымен қатар картадан іздеу барысында нысанның нақты атауы мен қызмет түрі анықталмады.

Ғимарат Қарасу шағын ауданында орналасқан. Оның маңында ірі азық-түлік дүкендері мен базарлар бар. Ғаламтордан қосымша іздеу кезінде аталған нысанның пластик өндіретін зауыт болуы мүмкін екені туралы ақпарат кездесті.

Дегенмен оның нақты қандай кәсіпорын екені әзірге анықталған жоқ.
Ер адамға басқарма ресми жауап ретінде көрсетілген заңбұзушылықтарды растайтын құжаттар, атап айтқанда, елді мекендердің атмосфералық ауасындағы зиянды заттардың концентрациясына жүргізілген зертханалық-аспаптық зерттеу хаттамасы тіркелмегені айтылған.

Осыған байланысты ер адамға 2026 жылғы 5 қарашаға дейін Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 63-бабына сәйкес өтінішті толықтыру қажеттігі ескертілген. Атап айтқанда, зиянды заттардың ауадағы концентрациясының асып кеткенін анықтайтын зертханалық зерттеу хаттамасын аккредиттелген кез келген зертханадан алып, өтінішке қоса тіркеу талап етілген.
Егер көрсетілген мерзімде өтініш заң талаптарына сәйкес толықтырылмаса, ол өтініш берушіге қайтарылатыны жазылған. Сонымен қатар өтініштің қайтарылуы азаматтың қайта жүгінуіне кедергі келтірмейтіні түсіндірілген.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы не дейді?
Жетісу ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы редакция сауалына берген жауабында атмосфераға тарайтын зиянды заттардың қалдықтарын бақылау экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның құзыретіне жататынын хабарлады.
Ведомство өкілдерінің түсіндіруінше, тұрғын ұсынған фотосуреттен мұржадан түтін немесе бу-газ қоспасының шығып жатқанын көруге болғанымен, оның химиялық құрамын және зиянды заттардың мөлшерін анықтау мүмкін емес. Ол үшін зертханалық зерттеу қажет.
Сондай-ақ басқарма мұржаның кімге тиесілі екенін және түтіннің қандай өндірістік қызмет нәтижесінде пайда болғанын анықтау үшін нысанға жоспардан тыс тексеру жүргізілуі керек екенін атап өтті. Алайда мұндай тексеруге кәсіпорынның атауы, мекенжайы, БСН/ЖСН-і және заңбұзушылықты растайтын зерттеу хаттамасы қажет екенін мәлімдеді.