Қызметкерлердің жалақысын акционер өзгерте ала ма? Конституциялық сот жауабы
Қазақстанда акционер компания қызметкерлерінің жалақысын көтеру туралы шешімнің күшін жоя ала ма деген сұраққа Конституциялық сот түсініктеме берді. Сот акционердің компания ішіндегі өзге органдар қабылдаған шешімдерді жоюға құқығы бар екенін, бірақ бұл қызметкерлердің еңбек құқықтарын өзгертпейтінін айтты. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Мәселе Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметкерлері мен қордың жалғыз акционері арасында туындаған. Қордың директорлар кеңесі лауазымдық жалақының жаңа жүйесін бекіткен. Алайда кейін жалғыз акционер бұл шешімнің күшін жойған.
Осыдан кейін қор қызметкерлері сотқа жүгінген. Бірінші және апелляциялық сатылардағы соттар олардың талабын қанағаттандырмаған соң, азаматтар Конституциялық соттан “Акционерлік қоғамдар туралы” заңның 36-бабы 4-тармағын Конституцияға сәйкестігі тұрғысынан тексеруді сұраған.
Аталған норма акционерлердің жалпы жиналысына компанияның ішкі жұмысына қатысты өзге органдар қабылдаған шешімдердің күшін жоюға мүмкіндік береді. Өтініш берушілердің пікірінше, заңда акционердің өкілеттігіне жеткілікті шектеу қойылмаған. Бұл қызметкерлердің еңбек құқықтарына әсер ететін шешімдерді олардың мүддесін қорғайтын кепілдіктерсіз жоюға жол ашуы мүмкін.
Конституциялық жауабы
Конституциялық сот акционерлердің компанияның ішкі жұмысына қатысты шешімдердің күшін жою құқығы бар екенін растады. Алайда бұл өкілеттік заң талаптары мен акционерлік қоғамның жарғысы шеңберінде жүзеге асырылуы керек. Сонымен бірге сот директорлар кеңесінің шешімін жою қызметкерлердің бұған дейін пайда болған еңбек құқықтарын автоматты түрде тоқтатпайтынын немесе өзгертпейтінін атап өтті. Мысалы, қызметкердің жалақысы мен еңбек шартының өзге талаптарын өзгерту Еңбек кодексінде және еңбек шартында көрсетілген тәртіппен ғана жүзеге асуы керек. Заңда арнайы көзделген жағдайларды қоспағанда, жұмыс беруші еңбек шартының талаптарын біржақты өзгерте алмайды.
Қызметкерлер енді не істей алады?
Конституциялық сот өтінішті алдын ала зерделеу нәтижесінде даулы заң нормасынан азаматтардың конституциялық құқықтары бұзылғанын көрсететін белгілерді таппаған.
Сот өтініш берушілердің негізгі уәждері заңның Конституцияға сәйкестігінен гөрі, директорлар кеңесінің шешімін жоюдың салдарына, жалақы төлеу шарттарының өзгеруіне және нақты істің мән-жайына қатысты екенін түсіндірді.
Мұндай дауларды шешу Конституциялық соттың емес, жалпы юрисдикциядағы соттардың құзыретіне жатады. Яғни Конституциялық сот әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қызметкерлерінің нақты ісінде жалақыны өзгерту заңды болды ма деген сұраққа түпкілікті баға берген жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін біз Қазақстандағы ең қымбат 10 компанияның рейтингін жасаған едік.
"Ешкім кешірім сұрап келмеді": Ақтөбеде жатақханадан құлып, қаза тапқан студенттің анасы жанайқайын айтты
