Алматылықтар ONAY QR кодының істен шыққанына жаппай шағымданды: Метрополитен себебін түсіндірді
Алматылықтар бүгін әдеттегі кептелістен де үлкен тығырыққа тап болды. Метродағы турникет маңында жиналған халықтың қарасы көп. Оған төлем жасайтын ONAY QR коды мен Apple Pay-дің істен шығуы себеп болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматы тұрғындары үйден ерте шыққанымен, турникеттегі ақауға байланысты жұмысқа жете алмай қалғанын жарыса жазып жатты.
“Алматылықтардың таңы күтпеген әбігермен басталды. Метроға кіру жұмысқа жетуден де қиын болды. ONAY турникеттеріндегі ақауға байланысты жолаушылар кіреберісте жиналып, жолақысын төлей алмады. Әлеуметтік желілерде метроға кіре алмай тұрған адамдардың видеолары таралып, тұрғындар жағдайға шағымданып жатыр. Әзірге метрополитен өкілдері жағдайға қатысты түсініктеме берген жоқ”.
“Алматыда метроның өзінде кептеліс. Бүгін метрополитенде Apple Pay және ONAY QR арқылы жолақы төлеу жүйесі істемей қалды. Метро қызметкерлері сыртқа шығып, төлемді қалай жасауға болатынын түсіндірмеді. Салдарынан адамдар кіреберісте жиналып, метроға кіре алмай қалды”.
“Біздің метроға не болған? Үнемі бір нәрсе жұмыс істемейді? Б.Момышұлы бекеті, 07:19 ONAY турникеттері істен шықты”.
“Бүгін таң азанмен сағат 7-ден 8-ге дейін өстіп тұрған жайымыз бар. Жаппай кешігу күні болды”.
“Кептеліс адамның көптігінен емес, терминалдың жұмыс істемегенінен болып жатыр”.
“Алматыда транспорт жеткілікті деген сыбыс бар. Желтоқсанда Қалқаман бекеті ашылмақ. Ал мынау Б.Момышұлы бекетіндегі сағат 08:30-дағы жағдай”.
“Алматыда күн сайын автобусқа, метро мен ауаға талас”.
Метродағы бұл жағдайға байланысты Метрополитен станцияларға кіру кезінде пайда болған кезектердің себебін түсіндірді. Бұған "Оңай" жолақысын төлеу жүйесіндегі уақытша ақау себеп болған.
“Сағат 06:30-дан бастап барлық станцияларда "Оңай" жүйесінің QR-коды арқылы төлем жасау уақытша істемеген. Бұл ретте төлемнің басқа тәсілдері штаттық режимде жұмыс істеді. Жолаушылар "Оңай" көлік карталарын, банк карталарын, Apple Pay, Samsung Pay және қағаз QR-билеттерін кедергісіз пайдалана алды”, – деп мәлімдеді Метрополитен.
Кейін сағат 09:30-да "Оңай" QR-төлем жүйесіндегі ақау толық жойылды. Қазір сервис штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
Уақытша шектеу тек бір төлем әдісіне қатысты болды. Ал басқа төлем тәсілдері әдеттегідей жұмыс істеген.

Бұған дейін әйелдің "бомба бар" деген хабарламасынан кейін метро станциясының жұмысы тоқтап қалған еді. Әйел метро қызметкерлеріне "Райымбек батыр" станциясында жарылғыш зат бар екенін айтқан. Осыдан кейін ол бірден ұсталды. Бұл туралы қалалық полиция департаменті хабарлады.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, станцияға тиісті мамандар шақырылып, тексеру жүргізілген. Нәтижесінде жарылғыш құрылғы да, күдікті заттар да табылмаған.
Алдын ала мәлімет бойынша әйел Психикалық денсаулық орталығында есепте тұрады. Қазір оқиғаға қатысты тексеру жүріп жатыр. Оның әрекетіне құқықтық баға беріледі. Полиция метроның қалыпты режимде жұмыс істеп тұрғанын және жағдай бақылауда екенін мәлімдеді.
Алматылықтар ONAY QR кодының істен шыққанына жаппай шағымданды: Метрополитен себебін түсіндірді