"Сіздің туысыңызбын деді": Қазақстан азаматы Садыр Жапаровқа 200 мың долларынан айырылғанын айтып, шағымданды
Қазақстандық Әлижи Афаров Қырғызстан президенті Садыр Жапаровқа Шу облысындағы карьерді сатып алу кезінде алаяқтардың құрбаны болғанын айтып, шағымданды. Оның сөзінше, ол 200 мың доллардан астам қаржысынан айырылған. Ал күдіктілердің бірі өзін мемлекет басшысының туысы ретінде таныстырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Президентпен кездесуде Әлижи Афаров Қант қаласы маңынан карьер сатып алғанын мәлімдеді. Алайда кейін ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері нысанды алаяқтық жолмен қайта тартып алған көрінеді.
“Карьер сатып алған едім. Бірақ ұйымдасқан қылмыстық топтың қолына түсіп қалдым. Олар алаяқтық жолмен карьерді қайта тартып алды. Келтірілген шығын 200 мың доллардан (90 миллион теңгеге жуық) асады. Олардың бірі өзін сіздің жиеніңіз, туысыңыз Азамат Жапаров деп таныстырды. Екіншісі – Ілиясбек Қайыпов”, – деді ол.
Афаровтың сөзінен кейін Садыр Жапаров Азамат Жапаровтың кім екенін нақтылауға тырысты
“Азамат Жапаров менің туысым ба, әлде тек аттас адам ба”, – деп сұрады мемлекет басшысы.
Афаровтың айтуынша, әлгі адам өзін президенттің туысымын деп таныстырған. Алайда кейін бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтыны анықталған.
Сонымен қатар Қазақстан азаматы дау-дамайға қатысы бар адамдардың ұйымдасқан қылмыстық топпен байланысы болуы мүмкін екенін айтты. Атап айтқанда, ол Мәскеуде ұсталған бір адамды атап, оның күдіктілердің бірімен байланысы барын жеткізді.
Шағымды тыңдаған Садыр Жапаров Ішкі істер министрлігіне азаматты кездесуден кейін бірден қабылдап, істің мән-жайын анықтауды тапсырды.
“Ішкі істер министрлігі, оны қабылдаңыздар. Кездесу аяқталған соң бірден қабылдап, барлық деректі анықтаңыздар”, – деді президент.
Бұдан кейін мемлекет басшысы арызданушы атаған адамдардың қазір қайда жүргенін сұрады. Олардың әлі ұсталмағанын естіген соң, құқық қорғау органдарына қосымша тапсырма берді.
“Ішкі істер министрлігі, оларды ұстаңыздар және ақшаны қайтарыңыздар. 200 мың долларды қайтару керек. Оған көмектесіңіздер”, – деді Садыр Жапаров.
Әзірге Қырғызстан Ішкі істер министрлігі Қазақстан азаматының арызы бойынша тексеру жүргізілгені туралы ресми ақпарат берген жоқ. Оған қоса аталған адамдардың қазіргі мәртебесі туралы да мәлімет жарияланбады.
Айта кетейік, бұған дейін Никол Пашинян Жапаровты “Қазақстан президенті” деп атап, кейін протокол басшысын қызметінен босатқаны туралы жазған едік.
Баланы бұрышқа тұрғызу тәрбие ме, әлде психологиялық зорлық па
