Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев Әзірбайжанның Жеңіс күніне орай Әлиевке құттықтау жолдады

президенттер
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әзірбайжан басшысы Ильхам Әлиевке Жеңіс күніне орай құттықтау жеделхатын жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлады. 

Мемлекет басшысы құттықтауында бұл күннің Әзірбайжан тарихындағы ерекше орнына тоқталған. Сонымен қатар Оңтүстік Кавказда ұзақмерзімді бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту өңір елдерінің ортақ мүддесіне сай келетінін атап өткен.

Тоқаев қазақ-әзірбайжан стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы жоғары деңгейде екенін айтты. Сонымен қатар екіжақты ынтымақтастық алдағы уақытта да екі халықтың игілігі үшін нығая беретініне сенім білдірді.

Жеңіс күнін неліктен 8 қарашада атап өтеді?

1990 жылдардың басында Таулы Қарабақ пен оған іргелес аумақтар төңірегінде Әзірбайжан мен Армения арасында қарулы қақтығыс болды. 1994 жылы атысты тоқтату туралы келісім жасалғанымен, екі ел арасындағы жанжал толық шешілген жоқ.

2020 жылы 27 қыркүйекте Әзірбайжан мен Армения арасындағы әскери қақтығыс қайта өршіді. Қарулы қақтығыс 44 күнге созылды. Бұл соғыс тарихта Екінші Қарабақ соғысы деген атаумен қалды.

8 қарашада Әзірбайжан әскері Шуша қаласын бақылауына алғанын хабарлады. Бұл қала Қарабақ өңіріндегі тарихи және мәдени маңызы зор орталықтардың бірі саналады. Оның стратегиялық орналасуы да соғыс барысына айтарлықтай әсер етті.

Ал 10 қарашада Әзірбайжан, Армения және Ресей басшылары әскери іс-қимылдарды тоқтату туралы үшжақты мәмілеге қол қойды. Құжат бойынша тараптар атысты тоқтатуға келісті.

Жеңіс күні қалай ресми мерекеге айналды?

Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев 2020 жылы 3 желтоқсанда 8 қарашаны Жеңіс күні ретінде белгілеу туралы жарлыққа қол қойды. Бастапқыда мерекені 10 қарашада атап өту ұсынылған. Алайда бұл күн Түркияда Мұстафа Кемал Ататүрікті еске алу күні болғандықтан, мерекенің датасы 8 қарашаға ауыстырылды.

Осылайша, Шуша қаласының Әзірбайжан бақылауына өткен күні елдің ресми Жеңіс күніне айналды.

Нұрила Жұмаділлә
Жексенбі, 08 Қараша, 2026 11:26