Әбдіжаппар Әлқожа блогер Ырысбала Икрамбайдың күйеуімен бірге жаңа кәсіп ашты
Танымал әнші Әбдіжаппар Әлқожа кәсіпкерлікке бет бұрып, Алматыда дәмхана ашты. Өнер иесі бұл кәсіпті танымал блогер Ырысбала Икрамбайдың күйеуі және тағы бір серіктесімен бірге бастаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әнші жаңа кәсіп ашу туралы шешімді ұзақ ойланып барып қабылдағанын жеткізді. Оның айтуынша, кәсіпті жалғыз өзі емес, Нұрдәулет есімді інісі және Роман есімді досымен бірлесіп қолға алған.
“Бұл кәсіпті көп ойланып, ақылдаса келе аштық. Негізі, әр адамның өз кәсібі болғаны дұрыс деп ойлаймын. Бұл істі жалғыз өзім қолға алған жоқпын. Нұрдәулет есімді інім және Роман деген досым бар. Ол – көпшілікке танымал Ырысбала Икрамбайдың күйеуі. Үшеуміз ақылдасып, ниетімізді біріктіріп, осы кәсіпті бастадық. Бүгін қуанышымызға ортақтасып, қолдау білдіруге көп адам келді. Өнердегі ағаларым мен інілерім арнайы құттықтап, көрімдіктерін беріп жатыр. Қуанышымда шек жоқ, бақыттымын”, – деді өнер иесі.
Сондай-ақ әнші әлеуметтік желідегі парақшасында жаңа кәсібінің ашылуына келген өнердегі әріптестері мен жақындарына алғыс айтты.
Ол қуанышты күнінде үлкендердің батасын алып, ерекше әсерге бөленгенін жасырмады.
“Ақ тілегін жаудырып келген менің осындай мақтаныш ағаларым бар, аяулы әпкем бар! Шүкір, бақытты ұрпақпыз ғой. Пейіліңнен пейіш көресің дейтін елдің ішіндеміз ғой. Аллаға мадақтар болсын. Төбем көкке бір елі жетпей қалды кеше. Қалай болады екен деп уайымдамай, қалай осы кісілерге құрмет көрсете алсам екен деген уайымым тұрды көкейде”, – деп жазды өнер иесі.
Әбдіжаппар Әлқожа серіктестерімен бірге ашқан дәмхана – KAWS Coffee деп аталады.
“Барша халық үшін жасалған дүниеміз! Біріккен басымыздың болашағы жарқын болсын! Баршаңызды күтеміз!” – деді әнші.
Еске салайық, бұған дейін Мейрамбек Бесбаев өнердегі інісі Әбдіжаппар Әлқожаға сәйгүлік сыйлағаны хабарланған еді.
Баланы бұрышқа тұрғызу тәрбие ме, әлде психологиялық зорлық па
