Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Арқан тарту, күйеу көру, тамада": Қазақтың тойы заман ағымына қарай қалай өзгерді

қазақстың ежелгі үйлену тойы
Фото: Stan.kz коллаж

Қазақтың әрбір салт-дәстүрінің астарында ұрпақ тәрбиесі, отбасы құндылығы мен тұтас бір тарих жатыр. Бүгінде тойларда тамада түрлі ойын ұйымдастырып, қалыңдық гүл лақтырып, аяқ киім ұрлау сияқты жоралғылар жиі кездеседі. Алайда халқымыздың бұрынғы үйлену тойы мүлде басқа тәртіппен өткен. Уақыт өте кей дәстүрдің мәні өзгеріп, кейбірі ұмыт бола бастады. Қазақтың той мәдениетінде қандай жоралғылардың орны ерекше болған, бүгінге дейін жеткен салттардың бастапқы мәні қандай? Халқымыздың үйлену дәстүріндегі осы және өзге де қызықты деректерді этнографтан сұрадық. 

Этнограф Жанболат Қазанбаевтың айтуынша, қазақтың дәстүрлі тойына тарихтағы төрт ірі кезең айтарлықтай әсер еткен. Ашаршылық, соғыс, тың игеру және шетелден көшіп келген қандастардың өмір салты той өткізу дәстүріне де өзгеріс әкелген.

"Бұл – қоғам мен заман талабына қарай салттың өзгеруі, яғни трансформация. Мәселен, дәстүрлі құдалық бірнеше кезеңнен тұрған: жігіт жақ арнайы сыншы жіберіп, қыздың денсаулығы мен ұрпақ өрбіту қабілетіне назар аударған. Сыншы үйге қамшы қалдырса, қыз жақ жігіттің әулетін зерттеген. Құдалыққа келісім берілген соң, жігіт жағы қалың мал әкеліп, шаңырақ пен есік берген, ал қыз жағы жасауын дайындаған”, – деді маман. 

"Күйеу көру" дәстүрі: алғашқы неке түні қыздың үйінде өткен.

Этнографтың сөзінше, күйеу жігіт қыздың ауылына келгенде де арнайы жоралғылар орындалған. Соның бірі –  "Күйеу көру" дәстүрі. Бұл күйеу жігіт қалыңдықтың ауылына алғаш келгенде орындалатын дәстүр. Қыздың жеңгелері мен ауыл қыздары күйеу жігітті дәм ұсынып қарсы алғанда, ол оларға үш рет иіліп сәлем берген. Бұдан бөлек арқан тарту рәсімі де жасалған. Алайда маманның айтуынша, қазір бұл дәстүр қате орындалып жүр.

қазақстың ежелгі үйлену тойы
Фото: 1870–1872 жылдар, Н. В. Нехорошев/

 

"Арқанды тек күйеу бала мен оның жолдасының алдынан жеңгелері тартуы керек. Бұл рәсім соларға қатысты орындалған. Одан кейін күйеу жігіт алып келген киіз үйді қыздың ауылындағы жеңгелер мен қыз-келіншектер жабдықтаған. Егер жігіт жақ толық киіз үй алып келсе, оны тігіп берген. Ал тек шаңырағы мен есігін әкелсе, қалған кереге мен уықты сол ауылдан тауып, үйді толық құрастырған", – дейді ол.

Қазақтың бұрынғы үйлену дәстүрінде қазіргі көпшілік біле бермейтін ерекше рәсімдер де болған. Мәселен, күйеу бала қалыңдығымен алғаш кездескеннен кейін ата-енесінің үйіне келетін болған.

"Күйеу жігіттің қызбен алғаш танысу рәсімі болған. Күйеу жолдасы алдымен қызды көріп, танысқан. Ал сол күні күйеу бала ата-енесінің үйіне түнде жасырын келген. Үйдің ішінде шымылдық тартылып, оны жеңгелері қарсы алған. Ата-енесі бұл кездесуге тікелей қатыспаған. Осы кезде жеңгелері “қол ұстау”, “төсек салу” сияқты рәсімдерді орындаған. Құдалар қайтып кеткеннен кейін алғашқы неке түні қыздың үйінде өткен. Бұл қазіргі дәстүрден өзгеше", – дейді этнограф.
қазақстың ежелгі үйлену тойы
Фото: 1899 жыл — С. М. Дудин түсірген үйлену рәсімі

“Бұрынғы тойда да тамада, әнші, бишілер болған”

Бүгінгі тойларда қонақтардың көңілін көтеріп, ойын ұйымдастыратын тамада болса, бұрын бұл міндетті серілер атқарған. Олар жалғыз келмей, түрлі өнері бар топ болып жүрген.

"Қазақтың дәстүрлі тойлары ойын-сауықсыз өтпеген. Жастар ақсүйек ойнап, алтыбақан теуіп, бір-бірімен танысып, әзілдескен. Ал қазіргі тамаданың қызметін бұрын тойға арнайы шақырылатын серілер атқарған. Олар өздерімен бірге палуан, әнші, жыршы секілді өнерпаздарды ертіп келген. Олар ән айтып, жыр орындап, түрлі сайыстар ұйымдастырып, халықтың көңілін көтерген. Тойдан кейін де жұрт олардың өнерін ұзақ уақыт айтып жүрген. Мәселен, "Пәленшенің тойында палуан жауырынды жерге тигізбеді" деген секілді әңгімелер ел жадында сақталған. Өйткені қазақ тойы тек құдалық пен кәде-жоралғылардан тұрмаған, халықтың бас қосып, өнер тамашалап, көңіл көтеретін үлкен мерекесі болған", – дейді Жанболат Қазанбаев.

Қазіргі тойларда жиі кездесетін кейбір әрекеттердің қазақтың төл дәстүріне қатысы жоқ. Ал байырғы жоралғылардың бастапқы мәні өзгеріп, кейде түсінбеушілікке себеп болып жатады.

"Мысалы, Оралда бірде құданың алдынан “бұзық кәде” алып шыққанда, қарсы жақ оны теріс түсінген. Сөйтіп, құда ашуланып, бір салып жіберген. Ал бұл жоралғының бастапқы мәні мүлде басқа болған. Қазіргі тойларда қалыңдықтың немесе күйеу жігіттің аяқ киімін ұрлап, кейін оны ақшаға сату сияқты әрекеттер де кездеседі. Мұның бәрі – сырттан енген элементтер. Халқымыз қаншама тарихи қиындықты бастан өткерсе де, тойдың негізгі рәсімдерін сақтап қала алған", – дейді этнограф.

Оның сөзінше, кейбір дәстүрлердің ұмытылуына уақыт өте қажетсіз болып қалуы немесе көп қаражатты талап етуі әсер еткен. Қоғам өзгерген сайын салт-дәстүр де заманға бейімделеді. 

Гүлсезім Мұхатай
Сенбі, 28 Қараша, 2026 10:00