Ақтөбедегі студент өлімі: Айыпталушы сотта өз нұсқасын айтты (видео)
Ақтөбеде 17 жастағы Нұрбақыт Бақыттың өліміне қатысты сот өтіп жатыр. Сотталушы Мәди Сүгірбай студенттерге дүкенге бару үшін ақша бергенін мойындағанымен, өзіне тағылған айыпты жоққа шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақтөбе қалалық №2 соты бүгін колледж студентінің өліміне қатысты сотталушы Мәди Сүгірбайдан жауап алды.
Сотталушының айтуынша, сәуірдің 28-нен 29-на қараған түні оянып, Ернар есімді студентпен бірге басқа балалардың бөлмесіне барған. Мәди Сүгірбайдың сөзінше, бөлмеде отырған балалардың дүкенге бару туралы әңгімесін естіп, оларға 2 мың теңге берген. Бір сэндвич алып келуді өтінгенін айтты.
"Үшеуінің бөлмеден шығып бара жатқанын байқадым. Мен де бөлмеден шығып, өз бөлмеме барып жаттым. Кейін терезеден түкірмек болып басымды шығарғанда сол жақ терезеден жарты денесімен шығып келе жатқан біреуді көрдім. Кімсің деп сұрағанымда, Нұрбақытпын деді. Бөлмесіне барып, ауызша ескерту жасадым. Дүкенге барсаңдар, аяқпен барыңдар, терезеден түсу керек емес дедім. Ол “жақсы” деп жауап берді", – дейді сотталушы.
Оның айтуынша, біраз уақыттан кейін жатақхана дәлізінен шу естіп, бөлмесінен шыққан. Сол кезде Бауыржан есімді студенттің қорқып, дірілдеп тұрғанын көрген.
"Не болды деп сұрағанымда, Ернар екеуіміз терезеден Нұрбақытты құлатып алдық деді. Өз бөлмемнен шығып, сыртқа қарағанымда Нұрбақыттың жерде жатқанын көрдім. Бәріміз жатақхананың артына бардық. Оның жағдайы ауыр еді, басынан жарақат алған. Жедел жәрдем келгенше алғашқы көмек көрсетуге тырыстық", – деді ол.
Сотталушы жедел жәрдем келгеннен кейін полиция қызметкерлеріне өзі білетін жағдайды баяндағанын айтты. Алайда Нұрбақыттың нақты қалай құлағанынан хабарсыз екенін жеткізді.
Мемлекеттік айыптаушы Мәди Сүгірбайдан жатақханада терезеден түкіру әдеті бар-жоғын, басқа студенттерге қысым көрсеткен-көрсетпегенін нақтылады.

Сотталушы темекіні анда-санда ғана шегетінін, студенттерге күш көрсетпегенін және сөзбен қорқытпағанын мәлімдеді. Сонымен қатар марқұмнан төрт-бес жас үлкен болғанын растады.
Прокурор дүкенге жіберген студенттерге ақша бергенін нақтылаған кезде, айыпталушы мұны мойындады. Алайда 2 мың теңгені тек өзіне сэндвич әкелу үшін бергенін, балалардан ештеңе талап етпегенін айтты.
Сондай-ақ прокурор одан басқа студенттердің не себепті нақты өзін көрсетіп отырғанын сұрады.
"Ыңғайлы адам мен болып тұрмын. Тағылған айыпты мойындамаймын. Менің орнымда Бауыржан мен Ернардың тұратын жері. Олар өтірік айтып тұр", – деді Мәди Сүгірбай.
Сот отырысында қорғаушы тарап айыпталушының телефонындағы жазбаларды қылмыстық іс материалдарына қосуды сұрады. Адвокаттың айтуынша, оқиғаға қатысы бар студенттермен жазысқан хабарламалар олардың арасындағы қарым-қатынастың достық сипатта болғанын жеткізді.
Сондай-ақ сот барысында айыпталушының екі телефоны да тергеу кезінде алынбағаны айтылды.
Еске салсақ, қайғылы оқиға осыдан жеті ай бұрын Ақтөбедегі көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжінің жатақханасында болған. Айыптау нұсқасына сәйкес, жоғары курс студенті Мәди Сүгірбай төменгі курста оқитын үш студентке дүкеннен тамақ әкелуді тапсырған. Жатақхана есігі құлыптаулы болғандықтан, олардың бірі терезеден өзара байланған жамылғылар арқылы түспек болған. Алайд 17 жастағы Нұрбақыт Бақыт биіктен құлап, кейін 42 күн бойы комада жатып, ауруханада көз жұмды.
Марқұмның анасы Күлайым ұлына жоғары курс студенті тарапынан қысым көрсетілгеніне сенімді. Ол жатақхана мен колледж қызметкерлерінің де жауапқа тартылуын талап етті.
Ал айыпталушының анасы ұлының кінәсіз екенін айтып, тағылған айыппен келіспейді.
Мәди Сүгірбайға қылмыстық кодекстің 119 бабы, "қауіпті жағдайда қалдыру" және 104 бабы, "абайсызда қазаға ұшырату" баптары бойынша айып тағылған.
Ол өзіне тағылған айыпты мойындамай отыр.
Пәтерақысын төлеуге көмек сұраған ақтаулық қызды ер адам зорлады деген күдікке ілінді