Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"ҚТЖ-Жүк тасымалының" бұрынғы басшылары қамауға алынды

ҚТЖ ғимараты
Фото: railways.kz

Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС-ның үш бұрынғы басшысын сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұстады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

ҰҚК мәліметінше, ұсталғандар қатарында "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС-ның бұрынғы бас директоры В.В. Петров, оның орынбасары К.М. Қабылов, сондай-ақ атқарушы директор – сатып алуды қамтамасыз ету департаментінің директоры А.К. Сембай бар.

Олар 9 және 10 қараша күндері ұсталған. Үшеуі де “сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады” деген күдікке ілінген.

"11 және 12 қарашада сот санкциясымен олар екі ай мерзімге қамауға алынды. Қазір істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", – делінген хабарламада.

ҰҚК қылмыстық іс бойынша өзге ақпарат қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейтінін атап өтті. 

Еске салсақ, 12 қарашада ұлттық қауіпсіздік комитеті сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі "Самұрық-Қазына" басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты, "Қазақстан темір жолы" басшысы Елжас Отаншиевті және басқа да тұлғаларды ұстағанын растады. ҰҚК мәліметінше, олар сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген. 

Тоқаев "Самұрық-Қазына" мен ҚТЖ басшыларының ұсталуына қатысты пікір білдіріп, жағдайды "ауқымды жемқорлықтың белгісі" деп атады. 

Президент үкімет пен бақылаушы органдарға 24 қарашаға дейін сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алуға және оларды азайтуға бағытталған нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

18 қарашада сот санкциясымен “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиев қамауға алынды. 

24 қарашада "Самұрық-Қазына" қоры басқармасының шешімімен Ерсайын Нағаспаев "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы басқармасының төрағасы болып тағайындалды. Ол бұған дейін өнеркәсіп және құрылыс министрі қызметін атқарып келген еді.

Дана Русланқызы
Жұма, 27 Қараша, 2026 19:00