"Ауқымды жемқорлықтың белгісі": Тоқаев "Самұрық-Қазына" мен "ҚТЖ" басшыларының ұсталуына қатысты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Самұрық-Қазына" мен "Қазақстан темір жолы" басшыларының ұсталуына қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Президент бұл жағдай мемлекеттік компанияларда ауқымды сыбайлас жемқорлық бар екенін көрсететінін айтып, жауапты тұлғаларға Конституция талаптарын сақтау керек екенін ескертті.
"Кеше Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдары “Самұрық-Қазына” қоры мен “Қазақстан темір жолы” компаниясы басшыларының ұсталғаны туралы ақпарат таратты. Бұл мемлекеттік компанияларда ауқымды жемқорлық бар екенін көрсететін аса маңызды белгі", – деді Тоқаев.
Президент тергеу енді басталғанын айтып, оның барысына қатысты мәліметтерді жариялауға болмайтынын жеткізді.
"Қазірдің өзінде бұл “Заң мен тәртіп” тұжырымдамасы жарияланып, Конституцияға мемлекеттік басқару мен қоғамдық өмірдің негізгі қағидаттарының бірі ретінде енгізілгеннен кейінгі мемлекеттік компаниялардың бірыңғай жүйесіндегі алғашқы ірі жемқорлық ісі екенін айтуға болады", – деді мемлекет басшысы.
Тоқаев Конституцияны бұзуға немесе оған құрметсіздік танытуға ешкімнің құқығы жоқ екенін атап өтті.
"Конституция – мемлекетіміздің негізгі заңы, халқымыздың құқықтық төлқұжаты. Конституцияны, оның негізгі ережелерін елемеу халықты кемсітумен тең. Мұндай әрекеттерге “Заң мен тәртіп” қағидаты бойынша тосқауыл қойылады", – деді президент.
Мемлекет басшысы "Самұрық-Қазына" қорының ел үшін стратегиялық маңызын да атап өтті.

Оның айтуынша, қор ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асырып, шетелдік компаниялармен және халықаралық қаржы институттарымен жұмыс істейді.
"Мемлекеттің беделі, қоғамның ұлттық институттарға деген сенімі және Қазақстанның халықаралық абыройы туралы сөз болғанда, халық билік өкілеттігін сеніп тапсырған баршамыз ұлттық мүддені қорғауда табандылық танытуымыз керек. Бұл – азаматтық әрі саяси міндет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске салайық, 12 қарашада ұлттық қауіпсіздік комитеті сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі "Самұрық-Қазына" басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты, "Қазақстан темір жолы" басшысы Елжас Отаншиевті және басқа да тұлғаларды ұстағанын растады. ҰҚК мәліметінше, олар сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген. Қазір істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы туралы өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.
Аспаннан ақша шашылса немесе көшеден ақша тауып алсаңыз, оны бірден иемденуге бола ма