Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев Үкіметке жемқорлықпен күрес бойынша 24 қарашаға дейін нақты ұсыныс енгізуді тапсырды

Тоқаев
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік компаниялардағы сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарын азайту үшін Үкімет пен бақылаушы органдарға шұғыл шаралар әзірлеуді тапсырды. Президенттің айтуынша, "Самұрық-Қазына" мен "Қазақстан темір жолы" басшыларының ұсталуына байланысты жағдай мемлекеттік компанияларда ауқымды жемқорлық бар екенін көрсететін маңызды белгі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тоқаев мемлекеттік компаниялардағы жемқорлық тәуекелдерін олардың "осал тұсы" деп бағалады. Осыған байланысты үкімет пен бақылаушы органдарға 24 қарашаға дейін сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарын күрт азайту, квазимемлекеттік сектор компаниялары мен олардың қызметкерлерінің жұмыс сапасын арттыру жөнінде нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.

Тоқаев жоғары лауазым үлкен жауапкершілікті талап ететінін атап өтті. Оның сөзінше, атқаратын қызметіне, сіңірген еңбегіне немесе туыстық байланыстарына қарамастан, ешкім заңнан жоғары тұрмайды.

"Жоғары лауазымға ие болу – әрқашан және әрдайым жүктелетін жоғары жауапкершілікті дұрыс түсіну деген сөз. Қоғамымызда атқаратын лауазымына, сіңірген еңбегіне не болмаса тамыр-таныстарына, соның ішінде туыстық байланыстарына қарамастан, ешкім де заңнан аттап кете алмайды. Бұл – мен үшін мызғымайтын, яғни өзгермейтін ұстаным. Соңғы кезде біз кейбір келісімдер мен шарттарды қайта қарадық. Меніңше, оларға қол қою қате шешім болған. Бірақ биліктің кәсіпкерлерге кедергілер, тосқауылдар жасайтын ойы да, ниеті де жоқ. Керісінше, біз оларға әрдайым жан-жақты қолдау көрсетіп жатырмыз және алдағы уақытта да солай болады", – деді Тоқаев.

Президент кейінгі уақытта кейбір келісімдер мен шарттардың қайта қаралғанын айтып, олардың бастапқыда жасалуы қате шешім болғанын жеткізді. 

"Бәріңіз де білесіздер, мен келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын кәсіпкерлікті тексеруге арналған тағы бір үш жылдық мораторий жариялау туралы тапсырмамды бердім. Елімізде біртіндеп орнығып жатқан "Заң мен Тәртіп" құқықтық стратегиясының түпкі мәні де – осы: әділеттілік қағидатына және заң талаптарына сай көмекке мұқтаж адамдарға, сондай-ақ кәсіпорындарға қолдау көрсету. Жағдай қаншалықты күрделі болса да "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорыың аппараты мен мемлекеттік компаниялардың, соның ішінде "Қазақстан темір жолының" жұмысы тоқтап қалмайды, үздіксіз жүре береді. Мемлекеттік компанияларға қарасты барлық мекемелер қалыпты тәртіппен жұмыс істеп жатыр", – деді президент Тоқаев.

Тоқаев "Самұрық-Қазына" қоры мен "Қазақстан темір жолының" жұмысы басшылардың ұсталуына қарамастан штаттық режимде жалғасып жатқанын айтты. Оның пікірінше, жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік компанияларға инвесторлар мен несие берушілердің сенімін арттырып, олардың жұмысын ашық әрі тиімді етуі керек.

Сондай-ақ президент бас прокуратураның жалпы сомасы 1,3 триллион теңгеден асатын заңсыз иемденілген активтерді қайтарғанын еске салды. Бұл қаражат 466 әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысанның құрылысына бағытталған. Қазір оның 383-і, соның ішінде медициналық мекемелер, мектептер, спорт кешендері мен сумен жабдықтау желілері салынып біткен.

Алайда мемлекет басшысы салынған нысандардың сапасына да назар аудару қажеттігін айтты. Әсіресе жол құрылысына қатысты олқылықтар жиі кездесетінін атап өтті.

Еске салайық, 12 қарашада ұлттық қауіпсіздік комитеті сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі "Самұрық-Қазына" басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты, "Қазақстан темір жолы" басшысы Елжас Отаншиевті және басқа да тұлғаларды ұстағанын растады. ҰҚК мәліметінше, олар сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген. Қазір істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы туралы өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.

Айым Атамбаева
Жұма, 13 Қараша, 2026 15:25