"Аспаннан ақша жауды": Қазақстандықтар Астанадағы доллар толы шамадандарды әзілге айналдырды
Астанадағы ақша толы шамадандар желідегі жұртты бір күнге “миллионер” етті. Бірі бұйырмаған олжаның есебінен ипотекасын жапса, енді бірі оны бүкіл елге бөліп, бір донердің ақшасын шығарды. Тіпті ерте тұрмағанына өкінгендер де, “тілегіміз қабыл болыпты, тек мекенжайын нақтыламаппыз” деп күлгендер де табылды. Оқиғаның бейсенбіге тұспа-тұс келгенін байқағандар “Берекелі бейсенбі деген осы екен ғой” деп әзілдеді. Кәсіпкерлер де қарап қалмай, бірі ақша жинағандарды кофе ішуге шақырса, енді бірі тінтуден кейін үй тазалау қызметін ұсынды. Stan.kz тілшісі жұрттың “аспаннан ақша жауынына” қатысты әзілдері мен видеоларын топтастырды.
Бүгін, 12 қарашада, Астананың Қонаев көшесіндегі Atlant тұрғын үй кешенінің маңынан шамадандар мен жүз долларлық банкноттарға ұқсас бума-бума ақша табылды. Оқиға орнына полиция қызметкерлері келді. Куәгерлердің айтуынша, полицияға таңғы сағат 06:30 шамасында хабар түскен. Ақшаның шынайылығы мен қайдан шыққаны әзірге анықталған жоқ.
Мұнша ақшаның қайдан пайда болғаны анықталып жатқанда, желі қолданушылары оқиғаны әдеттегідей әзілге айналдырып, тапқыр пікірлерін жарыса жазып жатыр.
“Тілегенде мекенжайын да айту керек екен”
Ақша толы шамадан тауып алуды армандағандар бұл жолы тілектерінің неге өздеріне бұйырмағанын талқылады. Threads қолданушысы Ермұрат мәселені мекенжайдан көрген.
“Бәріміз “бүгін аспаннан ақша жауса ғой” деп бір рет болсын тіледік қой. Сол бүгін расымен болды негізі, жай ғана мекенжайын нақтыламағанбыз ғой”, – деп жазды ол.
Ая есімді қолданушы да осы сарында әзілдеп, қазақстандықтардың ұйықтар алдында “аспаннан миллион доллар түссе екен” деген тілегіне Астананың аспаны жауап бергенін жазған.
Ал Рүстем өзге қолданушыларды үміт үзбеуге шақырды.
“Бір күні сіздің де көшеңізде доллар толы шамадан аударылар…” – деп қалжыңдады ол.

“Ерте тұрған еркектің бір ырысы артық”
Оқиғадан кейін ерте тұру туралы әзіл видеолар да тарады. Солардың бірінде ер адам стендап түсіріп тұрған журналист пен оператордың артында тұрады. Екеуіне бір қарап алып, қалтасынан бір бума доллар шығарады. Артынша ақшасын қайта жасырып, жымиған күйі кете барады.
“Ерте тұрған еркектің бір ырысы артық”, – деп жазды ол.
Ал Бекнұр сол тұрғын үй кешенінде тұратын танысының күнде ерте тұрып серуендейтінін, бірақ дәл сол күні ұйықтап қалғанын жазды.
“Аспаннан доллар жауған ТКК-да менің танысым тұрады. Күнде таңғы 4:30–5:00-де тұрып, қадам жасауға шығатын. Кеше тойлатып, ұйықтап қалған ғой. Әй, ішімнің ашығаны бар енді”, – деп әзілдеді ол.
Сырым Итқұлов та жақын маңда тұратындардың “ертерек оянып, доллар жинауға бару керек еді” деген қалжыңдарын бөліскен. Ол астаналықтардың қар күтіп жүргенде, доллар “жауғанын” жазды.

Құндыз Нұртайқызы болса, ақша тастағандар жұртты алдын ала құлақтандыруы керек еді деп әзілдеген.
“Мына сегіз шамадан ақшаны тастай салған көкелерді айтам… Қызық! Threads-ке бір ауыз “Астана, ЖК Атлант, 6:30” деп жаза салса, екі-үш адам болсын ыржиып сол маңайда жүретін едік қой. Ал не болды? Қалай келді, солай кетті. Немесе қайдан келді, сонда кетті”, – деп жазды ол.
Аружан есімді қолданушы да:
“Көшеге ақша лақтыратындарыңызды неге ескертпедіңіздер?” – деп сұраған.
“Бауырым, бәрін жинап қойды”
Ақша іздеуді әзіл видеоға айналдырғандар да бар. Бір қолданушы төрт адам болып түскі үзілісте тұрғын үй кешеніне барып, ақша қарап келгендері туралы жазба жариялады.

Тағы бір видеода ер адам Atlant маңын аралап, жерге үңіліп жүреді. Оны түсіріп тұрған адам: “Бауырым, бәрін жинап қойды ғой”, – дейді.
“Мұнда келмей-ақ қойыңыздар, бәрін жинап алды”, – деп жазды видео авторы.
Басқа бір роликтің кейіпкері “12 қарашада Астананы аралап қайтуды шештім” деген жазумен долларларды санап бара жатады.
Ал әйел адамның ақшаларды жинап, қалтасына тығып жатқан видеосына “Көпбалалы ана терезеден түскен бір миллион долларды жинап үлгерді” деген жазу қосылған.
“Әттең, Антон…”
Өзін Atlant тұрғыны ретінде таныстырған қолданушы күзетшіге әзілмен өкпе артқан.
“Бүгін болған оқиғаға үнсіз қала алмаймын. Atlant тұрғыны ретінде күзетші Антонның әрекетіне қатты наразымын. Ақша толы шамадандарды тауып алып, үйдің ортақ чатына хабарламаған. Әттең, Антон…” – деп жазды ол.
Басқа қалада тұратындар да оқиғадан қалыс қалмады. Мәселен алматылық қолданушы сол сәтті өткізіп алған тұрғындардың өкініші қандай болатынын елестетіп көргенін айтты.
“Жарайды, біз басқа қалаларда отырып ішіміз ашып жатыр. Ал осы сәтті ұйықтап өткізіп алған Atlant тұрғындарын елестетіңіздерші…” – деп жазған ол.

“Бүгін ипотеканы бір күнде жауып тастар едім”
Желіде Atlant тұрғын үй кешенінен пәтер алудың “артықшылықтарын” тізгендер де табылды.
“Осы ТКК-нен пәтер алу керек еді. Бүгін ипотеканы бір күнде жауып тастар едім”, – деп жазды Аят есімді қолданушы.
Дина есімді астаналық риелторлардың атынан әзіл хабарландыру құрастырған.
“Atlant тұрғын үй кешенінен пәтер сатылады. Артықшылықтары: инфрақұрылымы дамыған, сол жағалауда орналасқан, кейде жоғарғы қабаттардан доллар толы шамадандар түседі”, – делінген жазбада.

Асқар есімді пікір иесі де пәтер алушылардың енді қандай сұрақ қоятынын болжады.
“Енді Atlant-тағы пәтерлерді көрсеткенде клиенттер терезеден қандай көрініс ашылатынын ғана емес, одан кейде не түсетінін де сұрайды”, – деп қалжыңдады ол.
“Ақшаны жинап алып, кофе ішуге келіңіздер”
Кәсіпкерлер де қызу талқыланып жатқан тақырыпты жарнамаға пайдаланды. Мәселен астаналық дәмхананың парақшасы жұртты кофе ішуге шақырды.
"Ақшаны жинап алып, бізге жүгіріңіздер", — деп жазған кофехана өкілдері.
Тазалық қызметін ұсынатын компания ҰҚК-мен “ынтымақтасуға дайын” екенін мәлімдеген. Жазба авторы тінтуден кейін үй жинаған тәжірибелері барын да атап өткен.
“Кез келген арнайы операцияға хабарласыңыздар. Айтпақшы, тінтуден кейін тазалық жасаған тәжірибеміз бар. Компания басшысы жұмысты өзі қадағалайды. Құқық қорғау органдарында жұмыс істеуді үнемі армандайтынмын”, – деп қалжыңдаған ол.

Ал Сабыр есімді қолданушы ақшасын сақтайтын жер таппай жүргендерге көмектесуге дайын екенін жазған.
“Құрметті байлар, ақшаларыңызды сақтайтын жер таппасаңыздар, маған әкеліңіздер. Менің үйімде доллар бар деп ешкім ойламайды. Өзіме көп алмаймын деп уәде беремін. Тек екі гриль тауық пен екі қызанақ шырынын алсам болды”, – деген ол.
“Бүкіл Астана болып ойша жұмсап қойдық”
Біреулер ақша іздеуді ойласа, енді біреулер оны қанша уақыт жұмсауға болатынын есептеген. Қазақстандық қолданушының бірі шамаданда сегіз миллион доллар болды деп болжап, күн сайын мың доллардан жұмсаса, оның шамамен 22 жылға жететінін жазған.
“Күн сайын мың доллар. Демалыссыз. Жиырма екі жылға жуық”, – делінген жазбада.
Адина есімді қолданушы болса:
“Бүкіл Астана болып ол ақшаны ойша жұмсап қойдық”, – деп қалжыңдаған.
Нұрбол есімді қазақстандық та осы ойды жалғаған.
“Тып-тыныш жұмыста отырған жерден бәріміз шықырлатып доллар санап кеттік қой”, – деп жазған ол.
Арнұр есімді қолданушы желіде айтылған 36 миллиард теңгені халыққа бөліп көрген.
“36 миллиардты әр қазаққа бөліп берсең, әр адамға 1800 теңгеден екен. Бір донер жеп алушы едік”, – деп әзілдеген қолданушы.
Әлия есімді қолданушы бұл жаңалықтан кейін өзін ақшасын жоғалтып алған адамдай сезінетінін жеткізді.
“Біртүрлі сезімдемін, ақшаны өзім жоғалтып алғандаймын”, – деп жазған ол.
Қар күткен жұртқа доллар “жауды”
Оқиғаға байланысты ауа райы туралы әзілдер де көбейді. Руслан Өтепбай екі қаладағы жағдайды салыстырған.
“Кеше Алматыға алғашқы қар жауды. Ал бүгін Астанаға “аспаннан” доллар жауды…” – деп жазды ол.
Мейірбек Мұқатов валюта бағамына қатысты сөзді басқа мағынада қолданған.
“Доллар көптен бері бұлай құламап еді”, – деп әзілдеді ол.
Естай есімді пікір иесі оқиғаның бейсенбіде болғанына назар аударып, жұрт “берекелі бейсенбі” атап кеткен күнге қатысты қалжыңдады.
“Берекелі бейсінді деген осы ма?” – делінген жазбада.
Жұрттың әзілі синоптиктерге де жетті. Бірі мұндай “жауын-шашын” туралы алдын ала ескерту керек еді десе, енді бірі дәл сол күні жел тұрмағанына қынжылды. Шамадандардан шашылған ақшаны жел өз аулаларына қарай ұшырып әкелсе деген емеурін де байқалады.
“Синоптиктер мұндай “жауын-шашын” туралы ескертуі керек қой”, “Қырсыққанда бүгін жел де болмапты”, – деген пікірлер бар.
Оқиғадан мерекелік астар іздегендер де табылды. Бір қолданушы 12 қарашаны теңгені енгізу туралы жарлыққа қол қойылған күнмен байланыстырып, шашылған долларды ұлттық валютаның құрметіне жасалған “шашуға” балаған.
“Сөйтсек, теңгенің туған күніне орай доллармен шашу шашқан екен ғой!” – деп қалжыңдаған ол.
Ұлттық компаниялар басшыларына қатысты жаңалықтар да желідегі әзілге себеп болды. Бірі ойын тұспалдап жеткізсе, енді бірі сол компанияда жұмыс істейтін танысымен қарым-қатынасын үзбеу туралы “шешім қабылдағанын” айтты.
“Лүпіл бассаң, Самұрық-Қазына және ҚТЖ… жарайд…”, – деп жазған әнші Нұржан Керменбаев. “Самұрықта жасайтын жігітіммен сөйлесе беремін-ау”, – деген пікір де кездеседі.
“Біздің шамаданнан не шашылар еді?”
Оқиға жасанды интеллект арқылы жасалған суреттерге де арқау болды. Қазақстанықтар “біздің шамаданды терезеден лақтырса, ішінен не түсер еді?” деген тақырыпта бейнелер жасаған.

Әзірге желі қолданушылары бұйырмаған ақшаны ойша жұмсап, оқиғаны түрлі қалжыңға айналдырып жатыр. Ал шамадандардағы ақшаның нақты сомасы мен кімге тиесілі екені туралы мәліметтер нақтылануы керек.
"Тұмау деп жаппақ болды": Алматы тұрғыны әкесінің дәрігерлердің салғырттығынан өлім аузынан қалғанын айтты