Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада долларға толы чемодан терезеден лақтырылды: Артынша "Самұрық-Қазына" мен ҚТЖ басшылары ұсталды

 
Астанада аспаннан ақша
Фото: Желі кадрларынан скрин

Астанада "Атлант" тұрғын үй кешенінің жоғарғы қабатынан доллар ақшаларға толы чемодан лақтырған. Шашылған купюраларды кім лақтырғаны белгісіз. Дегенмен артынша желіде "ҚТЖ" басшысы Елжас Отыншиев пен "Самұрық-Қазына" қорының басшысы Нұрлан Жақыпов ұсталды деген мәлімет пайда болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Koza4kov Telegram арнасы "Атлант" тұрғын үй кешенінің маңында болған оғаш оқиға туралы жазды.  Мұнда белгісіз адамдардың терезеден америкалық долларға ұқсайтын купюралар салынған шабадандарды лақтырып жібергені айтылған. Кейін шашылып жатқан ақшаның жанында арнайы киімдегі адамдар келген.

Оқиғадан соң желіде дәл осы жерден шенеуніктердің ұсталғаны туралы ақпарат тарады. 100BAKSOFF парақшасының мәліметінше, "Самұрық-Қазына" қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен "Қазақстан темір жолы" компаниясының басқарма төрағасы Елжас Отыншиевтің ұсталғаны туралы ақпарат келіп түскен.

“Хабарламада екеуінің де уақытша ұстау изоляторына қамалғаны айтылған. Сондай-ақ онда Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі мен 366-бабының 4-бөлігі көрсетілген. Бұл баптар аса ірі мөлшерде немесе қылмыстық топ құрамында пара алуға оқталғаны үшін жауапкершілікті қарастырады”, – делінген хабарламада.

Stan.kz редакциясы болған оқиғаға байланысты Ұлттық қауіпсіздік комитетінен пікір сұрады.

“11 қарашада ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты, "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Елжас Отыншиевті және сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген өзге де адамдарды ұстады. Қазір іс бойынша барлық мән-жайды анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы туралы өзге ақпарат жария етілмейді. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау және "Заң мен тәртіп" қағидатын сақтау аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстары жалғасып жатыр”, – деді ведомство.
Самұрық қазына мен ҚТЖ басшылары ұсталды
Фото: Нұрлан Жақыпов пен Елжас Отыншиев

Нұрлан Жақыпов – 2023 жылдың сәуірінен бері "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы қызметін атқарып келген қазақстандық қаржыгер. Ол бұған дейін халықаралық қаржы ұйымдарында және еліміздің ірі ұлттық компанияларында басшылық қызметтерде жұмыс істеген.

2026 жылғы ақпанда Жақыпов Air Astana компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы болып қайта сайланды. Сондай-ақ "ҚазМұнайГаз" және KEGOC компанияларының директорлар кеңестерін басқарды. 2026 жылғы 9 қыркүйекте Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, қордың жұмысы мен инвестициялық жобалары туралы есеп берген.

Елжас Отыншиев – 2026 жылғы шілдеден бері "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы қызметін атқарған қазақстандық менеджер. Ол бұған дейін "Самұрық-Қазына" қорында және инвестициялық компанияларда басшылық қызметтерде жұмыс істеген. 2026 жылғы 20 шілдеде "Самұрық-Қазына" АҚ басқармасының шешімімен Елжас Отыншиев "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалды. Ол бұл қызметте Талғат Алдыбергеновтің орнына келді. Отыншиев 2024 жылғы ақпаннан бастап ҚТЖ директорлар кеңесінің мүшесі болған.

Еске салсақ, бұған дейін бұрынғы вице-министр Ақмади Сарбасовқа сот үкімі шыққан еді. Ол пара алғаны үшін төрт жылға бас бостандығынан айырылды. 

Гүлсезім Мұхатай
Бейсенбі, 12 Қараша, 2026 12:07