Астанадағы тұрғын үй кешенінің маңына шашылған ақша: Доллар толы чемоданды лақтырған адам жазалана ма
Астанадағы Atlant тұрғын үй кешенінің маңына бірнеше чемоданнан шашылған ақшаға қатысты жаңа деректер жарияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
12 қарашада әлеуметтік желілерде Астананың орталығындағы Atlant тұрғын үй кешенінің маңына шашылған доллар банкноталары түсірілген видео тарады. Кадрларды желі қолданушылары бірқатар адамның ұсталғаны туралы ақпаратпен байланыстырғанымен, бұл нұсқа ресми түрде расталған жоқ.
Журналист Михаил Козачковтың бейресми мәліметінше, чемодандардың бірін сыбайлас жемқорлық ісіне күдікті тұлғалардың бірінің әйелі Антикор қызметкерлері есік қаққан кезде балконнан лақтырған болуы мүмкін. Егер бұл ақпарат расталса, әйел қылмыстық жауапкершіліктен босатылуы ықтимал.
Алайда әзірге ақшаны кімнің лақтырғаны және оның нақты қай іске қатысы бар екені ресми түрде расталған жоқ. Козачковтың Telegram-арнасындағы мәліметке сәйкес, бұл істе шамамен 6 миллион доллар туралы сөз болып отыр.

Чемоданды лақтырған адамның кім екені маңызды
Қазақстан қылмыстық кодексінің 432-бабында “ауыр немесе аса ауыр қылмысты алдын ала уәде бермей жасыру” үшін жауапкершілік қарастырылған. Мұндай әрекет үшін айыппұлдан бастап бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза тағайындалуы мүмкін.
Дегенмен аталған баптың ескертпесінде қылмыс жасаған адамның жұбайы немесе жақын туысы оны алдын ала уәде бермей жасырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтыны көрсетілген.
Сондықтан чемоданды расымен күдіктілердің бірінің әйелі лақтырғаны анықталса, ол осы заңдық ерекшелікке сәйкес жауапкершіліктен босатылуы мүмкін.
Егер тергеу барысында чемоданды күдіктінің әйелі немесе жақын туысы емес, көмекшісі, жүргізушісі, күзетшісі не танысы лақтырғаны анықталса, іс басқаша қаралады.
Мұндай жағдайда адамға қылмыстық кодекстің 432-бабы бойынша жауапкершілік жүктелуі ықтимал. Ауыр немесе аса ауыр қылмысты алдын ала уәде бермей жасырғаны үшін 6 000 АЕК-ке (25 950 000 теңге) дейін айыппұл салу, түзеу жұмыстарына тарту, бас бостандығын шектеу немесе алты жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Тәркіленген ақшаны қайта кетеді
Ақшаның қылмыстық іс аясында тәркіленген жағдайда қайда сақталатыны және кімге қайтарылуы мүмкін екені туралы заңгер Саида Сүлейменова түсініктеме берді.
Заңгердің айтуынша, Қазақстанда ірі көлемдегі ақшаны қолма-қол сақтауға жалпы тыйым салынбаған. Алайда құқық қорғау органдары ақшаның иесін, оның қайдан алынғанын және қандай жағдайда табылғанын тексеруге құқылы.
Қылмыстық-процестік кодекстің 118-бабына сәйкес, егер ақша қылмыстық құқық бұзушылық нәтижесінде алынған болса немесе істің мән-жайын анықтауға көмектессе, ол заттай дәлелдеме ретінде танылады.
Ақшаны тәркілеу кезінде оның сомасы мен валютасы көрсетіліп, арнайы тізім жасалады. Қажет болған жағдайда банкноттардың түпнұсқалығын анықтау үшін сараптамаға жіберіледі.
Ақша қайда сақталады және кімге қайтарылады?
Үкіметтің №1291 қаулысымен бекітілген қағидаларға сәйкес, тәркіленген шетел валютасы, әдетте, оны алған органның валюталық шотына аударылады. Егер банкноттарда қылмысқа қатысты іздер сақталса, олар сақтау камерасына өткізілуі мүмкін. Мұндай жағдайда ақшаның сериялары мен нөмірлері арнайы тізімге енгізіледі.
Заңгердің түсіндіруінше, ақшаның заттай дәлелдеме ретінде танылуы оның автоматты түрде мемлекет меншігіне өтетінін білдірмейді. Оның кейінгі тағдыры іс бойынша қабылданатын қорытынды шешімде айқындалады.
Егер ақшаның заңды иесі анықталып, оны әрі қарай ұстап тұруға немесе тәркілеуге заңды негіз болмаса, қаражат иесіне қайтарылады. Ал сот заңда көзделген тәркілеу негіздерін анықтаса, ақша мемлекет кірісіне өткізілуі мүмкін.
Сонымен қатар ақшаның иесі анықталмауының өзі оны қылмыстық жолмен алынған табыс деп тануға жеткіліксіз.
Әзірге Atlant тұрғын үй кешенінің маңына шашылған ақшаның нақты иесі, оны балконнан кім лақтырғаны және қаражаттың қандай қылмыстық іске қатысы бар екені жөнінде ресми қорытынды жарияланған жоқ. Бұл сұрақтарға тергеу нәтижесі мен сот шешімі жауап береді.
Еске салсақ, бұған дейін "Самұрық-Қазына" мен "Қазақстан темір жолының" басшылары ұсталғаны туралы жазған едік.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты, "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Елжас Отыншиевті және сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген өзге де адамдарды ұстаған.
Қазір іс бойынша барлық мән-жайды анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
"Тұмау деп жаппақ болды": Алматы тұрғыны әкесінің дәрігерлердің салғырттығынан өлім аузынан қалғанын айтты
