Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұсталған "Самұрық-Қазына" басшысы Нұрлан Жақыпов қанша табыс тапқаны белгілі болды

Жақыпов
Фото: Самұрық-Қазына

Сыбайлас жемқорлыққа күдікке ілініп, ұсталған "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов соңғы үш жылда декларацияда жүздеген миллион теңге табысын көрсеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлер табыс декларациясында жалақысын емес, салықты өздері төлеуге міндетті өзге кірістерін көрсетеді. Ал жалақыдан салықты жұмыс берушінің бухгалтериясы автоматты түрде ұстайтындықтан, ол бұл бөлімге енгізілмейді.

Нұрлан Жақыповтың соңғы жылдардағы декларациясына қарағанда, оның салық салынатын өзге табысы төмендеген:

  • 2022 жыл: 422 миллион 182 мың теңге;
  • 2023 жыл: 186 миллион 543 мың 551 теңге;
  • 2024 жыл: 197 миллион 259 мың 412 теңге.

2025 жылғы табысы туралы декларация ашық дереккөздерде әзірге жарияланбаған.

2022 жылы Жақыпов Kazakhstan Investment Development Fund Management Company басқарма төрағасы болған. Ал 2023 жылдың сәуірінде "Самұрық-Қазына" қорын басқаруға келді.

Ал қордың баспасөз қызметінің мәліметінше, уәкілетті органдар тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

"Қор Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы аясында құқық қорғау органдарына жан-жақты қолдау көрсетіп, қажетті ақпарат пен материалдарды ұсынуда және тиісті өзара іс-қимылды қамтамасыз етті", – делінген хабарламада.

Сондай-ақ қорда басқарма төрағасының міндетін уақытша атқарушы әзірге тағайындалмағаны айтылды. Қор штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатыр.

Қор өкілдері инвесторлар, кредиторлар, халықаралық қаржы институттары және іскерлік серіктестер алдындағы барлық міндеттемелер күшінде екенін және қолданыстағы келісімдерге сәйкес орындалып жатқанын атап өтті.

"Қордың инвестициялық жобалары мен стратегиялық бағдарламалары бекітілген жоспарларға сәйкес жүзеге асырылып жатыр", – делінген таратылған хабарламада.

Айта кетейік, 2024 жылы Нұрлан Жақыпов бұған дейін берген сұхбатында жалақысының нақты мөлшерін айтудан бас тартқан. Ол мұны жеке ақпарат деп түсіндірген.

Журналистің сұрағына жауап ретінде қор басшысы 80 миллиард долларлық активтер портфелін басқаратын адамның жалақысы қанша болуы керегін сұраған.

Еске салайық, бұған дейін 11 қарашада Астанадағы Atlant тұрғын үй кешенінің маңында шашылып жатқан долларға ұқсас банкноттар түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады. Кадрларда ақша салынған чемодандар мен сөмкелер де байқалған. Кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті 11 қарашада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі "Самұрық-Қазына" басшысы Нұрлан Жақыповты, "Қазақстан темір жолы" басшысы Елжас Отаншиевті және өзге де адамдарды ұстағанын хабарлады. Оларға сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдік келтірілген.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 12 Қараша, 2026 17:29