Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Аспаннан ақша шашылса немесе көшеден ақша тауып алсаңыз, оны бірден иемденуге бола ма

ақша тауып алу
Фото: Stan.kz

Астанада сегіз чемодан ақша немесе көшеден ірі көлемде қаражат тауып алған жағдайда азаматтар не істеуі керек? Мұндай олжаны бірден өз қажетіне жаратуға бола ма? Заңгер Нұрсұлтан Орынбеков Stan.kz тілшісіне табылған ақшаға қатысты азаматтардың қандай әрекет жасауы керегін және қандай жағдайда сыйақы талап ете алатынын түсіндірді.

Бұған дейін "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ басшысы Елжас Отыншиевтің ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Кейін Астанадағы тұрғын үй кешенінің маңына доллар толы бірнеше чемоданның Отыншиевтің үйінен лақтырылғаны айтылды. Оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыланып, қазақстандықтар түрлі болжам айтып, жағдайды әзілге айналдырды. Бірі ақша іздеп оқиға орнына барғанын әзілдесе, енді бірі ерте тұрмағанына өкінді. Желі қолданушылары ақшаны ойша бөліп, ипотека жабудан бастап, бір донер алуға дейін жоспар құрып үлгерген. Астанадағы тұрғын үй кешенінің маңынан табылған долларларға қатысты оқиғадан кейін көпшілікті мұндай жағдайда ақшаны тауып алған адам не істеуі керек екені қызықтырды. Заңгер Нұрсұлтан Орынбеков жоғалған ақшаға қатысты заң талаптарын түсіндіріп, олжаны заңды түрде рәсімдеу тәртібін айтып берді.

Табылған ақшаны бірден иемденуге бола ма?

Заңгер Нұрсұлтан Орынбековтың айтуынша, көшеден ақша немесе бағалы зат тауып алған адам оны автоматты түрде өз меншігіне айналдыра алмайды. Мұндай жағдайда алдымен заттың иесін анықтауға әрекет жасап, ол белгісіз болса, полицияға немесе жергілікті атқарушы органға хабарлау қажет.

"Ең әуелі, Азаматтық кодекстің 245-бабында “Олжаға” қатысты талаптар көрсетілген. Көшеден ақша тауып алған адам оны бірден өз меншігіне ала алмайды. Ақшаның көлемі, қандай валютада екені немесе оның құнды зат болуы бұл тәртіпті өзгертпейді. Заңның бірінші тармағына сәйкес, жоғалған затты немесе ақшаны тауып алған адам бұл туралы меншік иесіне хабарлап, оны қайтаруға міндетті. Егер ақшаның иесін анықтау мүмкін болмаса, тауып алған адам олжа туралы ішкі істер органдарына немесе жергілікті әкімдікке хабарлауы керек", – дейді заңгер.

Заңгер табылған ақшаны ешкімге хабарламай алып кету заңды бұзу екенін айтады. Дегенмен мұндай жағдайдың бәрін бірдей ұрлық деп бағалауға болмайды. Ол үшін адамның әрекетінде бөтеннің мүлкін жасырын иемдену ниеті мен қылмыс құрамының белгілері болуы керек.

Сегіз чемодан ақша тауып алсаңыз, не істеу керек?

Маманның сөзінше, әсіресе ірі көлемдегі шетел валютасын немесе көп мөлшердегі қолма-қол ақшаны тауып алған жағдайда оның шығу тегін анықтау маңызды. Өйткені қаражат қандай да бір қылмыстық іске қатысы бар заттай дәлелдеме болуы мүмкін.

"Мысалы, 10 мың теңге немесе елордағыда соңғы жағдайдағыдай 8 чемодандағы 100 мың доллар табылса, не істеу керек? Бірінші кезекте, жаңағы аталғандай ақшаның иесі, чемоданның иесі белгісіз болса, полицияға шақырып, оны есептетіп, әкімдікке, полицияға өткізу керек. Осы жерде енді не үшін бірден полицияға хабарлауымыз керек? Бұл жерде азаматтық-құқықтық олжа мәселесінен бөлек, ақшаның шығу тегі. Мүмкін бұл қылмыстық, жаңағы іске қатысы бар болуы мүмкін. Сондықтан ақшаның бірден полицияға хабарлаудың негізі осы", – дейді заңгер Нұрсұлтан Орынбеков.

Алты айдан кейін ақшаны өзіңізге алуға бола ма?

Азаматтық кодекстнің 245-бабына сәйкес, табылған зат туралы полицияға немесе әкімдікке ресми хабарланғаннан кейін алты ай ішінде оның иесі анықталмаса, затты тауып алған адам оны өз меншігіне алуға құқылы.

Алайда заңгер Нұрсұлтан Орынбеков бұл мерзім ақшаны тауып алған күннен емес, ол туралы тиісті органға ресми мәлімдеген күннен бастап есептелетінін ескертті.

"Егер алты ай ішінде ақшаның иесі табылмаса, яғни полиция немесе әкімдік меншік иесін анықтап, ешкім бұл заттың өзіне тиесілі екенін растайтын құжаттарды ұсынбаса, ақшаны тауып алған адам оны өз меншігіне ала алады. Алайда мұнда бір маңызды жайт бар: алты айлық мерзім ақшаны тапқан күннен емес, олжа туралы ішкі істер органдарына немесе әкімдікке ресми түрде хабарлап, тіркеген күннен бастап есептеледі. Мысалы, Астана тұрғыны 2026 жылғы 12 қарашада ақша тауып алып, сол күні полицияға ресми түрде хабарлады делік. Егер 2027 жылғы 12 мамырға дейін ақшаның иесі анықталмаса, оны тауып алған адам өз меншігіне рәсімдей алады. Ал егер ол ақшаны өзіне алудан бас тартса, ол коммуналдық меншікке, яғни мемлекеттің меншігіне өтеді", – дейді заңгер.

Ақшаның иесі табылса, сыйақы талап етуге бола ма?

Егер алты ай өтпей тұрып ақшаның заңды иесі табылып, өз мүлкін екенін дәлелдесе, оны тауып берген адам табылған заттың құнының 30 пайызы мөлшерінде сыйақы талап етуге құқылы. Заңгердің айтуынша, меншік иесі сыйақыны өз еркімен бермеген жағдайда, оны сот арқылы өндіріп алуға болады.

“Табылған ақшаның 30%-ына қатысты норма Азаматтық кодекстің 245-бабының 6-тармағында көрсетілген. Оған сәйкес, ақшаны тауып алған адам оның құнының 30%-ы мөлшерінде сыйақы талап етуге құқылы. Алайда сыйақы мөлшеріне қатысты дау туындаса немесе табылған ақшаның құнын анықтау қиын болса, мәселені сот арқылы шешуге болады. Яғни, азамат ақшаны тауып алғаны туралы полицияға немесе әкімдікке ресми түрде хабарлап, олжа тіркелгеннен кейін, ақшаның иесі анықталса, тауып алушы одан сыйақы талап ете алады. Заңда мұндай құқық көзделген. Егер меншік иесі сыйақыны төлеуден бас тартса, азамат сотқа жүгініп, өз құқығын қорғауға құқылы. Нақты тәртібі мен талаптары бойынша дау туындаған жағдайда сотқа жүгінуге болады", – дейді заңгер Нұрсұлтан Орынбеков.

Қылмыстық іске қатысты ақша табылса ше?

Заңгер табылған ақшаның бәріне бірдей Азаматтық кодекстің "олжа" туралы нормаларын қолдануға болмайтынын атап өтті.

"Егер табылған ақша қылмыстық іске қатысты заттай дәлелдеме болса, оны азаматтық олжа ретінде қарастыруға болмайды. Қылмыстық-процестік кодекстің 118-бабына сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық нәтижесінде алынған немесе істің мән-жайын анықтауға көмектесетін ақша мен заттар заттай дәлелдеме деп танылуы мүмкін. Мұндай жағдайда ақша тәркіленіп, тіркеліп, қылмыстық іс аясында сақталады. Оның әрі қарайғы тағдыры тергеу мен сот шешіміне байланысты анықталады. Сондықтан мұндай ақшаны тауып, полицияға тапсырған адамға Азаматтық кодекстің 245-бабы бойынша 30 пайыз сыйақы автоматты түрде беріледі деп айтуға болмайды", – дейді заңгер.

Осылайша, заңгер Нұрсұлтан Орынбеков азаматтарға көшеден ақша немесе бағалы зат тауып алған жағдайда оны жасырмай, бірден полицияға не әкімдікке хабарлауға кеңес береді. Оның айтуынша, бұл бір жағынан заңды талаптарды орындауға мүмкіндік берсе, екінші жағынан, ақшаның шығу тегіне байланысты туындауы мүмкін құқықтық мәселелерден сақтайды.

Айым Атамбаева
Жұма, 13 Қараша, 2026 12:30