Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сот Санжар Боқаевқа үкім шығарды

Бір кездері Алматының ішкі саясат басқармасын басқарған, кейін утильалымға қарсы бастамаларымен елге танылған қоғам белсендісі Санжар Боқаев 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Онымен бірге сот алдында жауап берген жиені Мадияр Калменов алты жыл алты айға сотталса, бұрынғы видеографы Ұлан Нүсіпқожаның бас бостандығы екі жыл алты айға шектелді. Stan.kz тілшісі Боқаевқа қатысты қылмыстық істің мән-жайына, еңбек жолына және қоғамдық қызметіне шолу жасап шықты.

Бүгін, 27 қарашада Алматының Алмалы аудандық сотында Санжар Боқаевқа қатысты үкім оқылды. Судья Жанат Әбенова қоғам белсендісін Қылмыстық кодекстің төрт бабы бойынша кінәлі деп таныды. Боқаев жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейтін болды.

Бұған дейін қоғам белсендісіне Қылмыстық кодекстің бес бабы бойынша айып тағылған еді:

  • - 190-бап – аса ірі мөлшердегі алаяқтық;
  • - 218-бап – қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру;
  • - 188-бап – ұрлық;
  • - 340-бап – ағаштарды заңсыз кесу;
  • - 274-бап – көрінеу жалған ақпарат тарату.

Ал қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру бабы бойынша жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімі өтіп кеткендіктен, сот Боқаевты осы бап бойынша жауаптылықтан босатты.

Осы істің бір эпизоды бойынша айыпталған Боқаевтың жиені Мадияр Калменов  алты жыл алты айға сотталса, бұрынғы видеографы Ұлан Нүсіпқожаның бас бостандығы екі жыл алты айға шектелді. Ал Санжар Боқаев өз кінәсін мойындаған жоқ.

Боқаев қандай әрекеттері үшін сотқа тартылды?

Биыл 18 наурызда Бас прокуратура Санжар Боқаевтың ұсталғанын хабарлаған еді. Арада жеті айға жуық уақыт өте, 16 қазанда Алматының Алмалы аудандық сотында қылмыстық істі қарау басталды.

Боқаевқа тағылған айыптардың бірі оның осыдан сегіз жыл бұрынғы қызметіне, ал қалғандары қоғам белсендісі ретінде әлеуметтік желіде жариялаған бейнежазбаларына қатысты болды. Атап айтқанда, сотта халықаралық автокеруенге бөлінген қаражаттың жұмсалуы, Алматыдағы өзен жағасынан гранит тақталардың ұрлануы және Баум тоғайындағы ағаштардың заңсыз кесілуі қаралды.

Сегіз жыл бұрынғы автокеруен және 42 миллион теңге

2018 жылы "ҚазТрансГаз" компаниясы бас директорының кеңесшісі болып жүрген Боқаев "Батыс Қытай – Батыс Еуропа" бағыты бойынша халықаралық автокеруен ұйымдастыруға бастамашы болған екен. Осы шараны өткізу үшін кәсіподақ екі компаниямен келісімшарт жасасқан. Оның бірі – Боқаевтың жиені Мадияр Калменов басқарған BM Trust компаниясы болса, екіншісі – Жұлдыз Артықбаева жетекшілік еткен We Can компаниясы.

Айыптау тарапының нұсқасына сүйенсек, Боқаев пен оның жиені автокеруенге кететін шығынды негізсіз көбейтіп, кәсіподақтың 42 миллион теңгеден астам қаражатын иемденген. Прокуратура бұл ақшаның кейін жиһаз өндірісін дамытуға жұмсалғанын мәлімдеді. Боқаев болса, автокеруеннің расымен өткенін, келісімшартта көрсетілген жұмыстардың атқарылғанын айтып, мұны растайтын құжаттар бар екенін алға тартты.

Өзі жариялаған видеолар қылмыстық іске арқау болды

Былтыр қыркүйекте Боқаев Үлкен Алматы өзенінің жағалауынан құрылысқа арналған гранит тақталардың әкетіліп жатқанын видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялаған еді. Сол кезде белсенді тақталардың құлпытас жасайтын кәсіпорынға жеткізілгенін мәлімдеген. Арада бір ай өте Боқаев Алматыдағы Баум тоғайында ағаштардың заңсыз кесіліп жатқанын айтып, тағы бір бейнежазба жариялады.

Алайда прокуратура бұл екі оқиғаның да алдын ала ұйымдастырылғанын алға тартқан. Айыптау тарапының мәлімдеуінше, Боқаев бұрынғы видеографымен бірге өзен жағасындағы 12 гранит тақтаны ұрлатуды және Баум тоғайындағы 16 ағашты кестіруді ұйымдастырып, артынша осы әрекеттерді әшкерелегендей видео түсірген.

Прокуратура гранит тақталардың ұрлануынан келген шығынды 1,3 миллион теңгеге, ал ағаштардың заңсыз кесілуінен келген залалды 215 мың теңгеге бағалаған.

Боқаев болса, гранит тақталарды сатып алу арқылы заңсыз сауданың бетін ашқысы келгенін, кейін тақталардың орнына қайтарылғанын айтты. Ал Баум тоғайындағы ағаштарды кестіргені туралы айыпты жоққа шығарды.

Прокурор Боқаевты 12 жылға соттауды сұраған еді

Үкім шығардан бір күн бұрын, 26 қарашада мемлекеттік айыптаушы Жаңыл Жұмабаева Боқаевты 12 жылға, ал оның жиені Мадияр Калменовті жеті жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді. Сондай-ақ прокурор қоғам белсендісінің бұрынғы видеографы Ұлан Нүсіпқожаның бас бостандығын екі жыл алты айға шектеуді ұсынған.

Боқаев өзіне тағылған айыптарды мойындамай, айыптау актісіндегі мәліметтердің бұрмаланғанын алға тартқан еді. Оның адвокаттары да прокуратура ұсынған дәлелдерге күмән келтіріп, соттан қоғам белсендісін толық ақтауды сұраған болатын. Ал Боқаевтың бұрынғы видеографы Ұлан Нүсіпқожа қазан айында кінәсін мойындап, үйқамаққа ауыстырылған еді. Сотта соңғы сөзін айтқан ол жасаған әрекетіне өкінетінін жеткізіп, өзін бас бостандығынан айырмауды сұрады.

Санжар Боқаев кім және ол қандай қызметтер атқарған?

44 жастағы Санжар Боқаев елге қоғам белсендісі ретінде танылмай тұрып, мемлекеттік қызметте бірқатар басшылық лауазымды атқарған.

Ол әр жылдары президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында жұмыс істеп, Алматы қаласының жастар саясаты және ішкі саясат басқармаларын басқарған. Сондай-ақ сол кездегі "Нұр Отан" партиясының Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары болған.

Бұдан бөлек, еңбек жолында "ҚазТрансГаз" компаниясы бас директорының кеңесшісі, Сенат төрағасы болған Дариға Назарбаеваның аға көмекшісі қызметтерін атқарған. Мемлекеттік қызметтен кеткеннен кейін кәсіпкерлікпен және қоғамдық қызметпен айналыса бастаған.

Утильалымға қарсы шығып, саяси партия құрмақ болған

Боқаевтың есімі кейінгі жылдары көлікке салынатын утильалым төңірегіндегі дауларда жиі аталды. Ол осы төлемге қарсы құрылған республикалық қозғалыстың бастамашыларының бірі болып, утильалымды алып тастауды талап етіп жүрді.

2022 жылы Namys саяси партиясын құруға да талпынған еді. Сол жылдың маусымында партияның құрылтай съезі өткенімен, саяси ұйым ресми тіркеуден өтпеді.

Боқаев отандық көлік өндірісіне қатысты да жиі мәселе көтеретін. Мәселен, Қазақстанда отандық өнім ретінде ұсынылып жүрген автобустардың Қытайда жасалып, елімізге бөлшектелген күйінде әкелінетінін мәлімдеген еді.

Кейінгі жылдары Алматыдағы құрылыс пен абаттандыру жұмыстарына, мемлекеттік мекемелердің қызметіне және бюджет қаражатының жұмсалуына қатысты сын айтып жүрді. Бірде қала көшелеріндегі әлі де жарамды төсемтастардың ауыстырылып жатқанын көрсетсе, енді бірде ағаштардың кесілуі мен құрылысқа бөлінген қаражат мәселесін көтерді. Осы тақырыптарда жариялаған бейнежазбалары арқылы көпшілікке кеңінен танылған болатын.

Еске салсақ, Санжар Боқаев 2026 жылдың 18 наурызында Алматыда ұсталған еді. Бас прокуратураның мәліметінше, Санжар Боқаев ұлттық компанияда жұмыс істеген кезінде ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікке ілінген. Кейінірек белсенді Санжар Боқаевқа қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. 16 қазанда Алматыда белсендіге қатысты сот басталды.

Қарлығаш Асқарова
Жұма, 27 Қараша, 2026 17:26