Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Миды өлтіреді": Тоқаев TikTok әлеуметтік желісін сынға алды

Тоқаев әлеуметтік желі
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде өткен форумда TikTok әлеуметтік желісін қатаң сынға алып, оны "адамның миын өлтіретін қорқынышты нәрсе" деп атады. Мемлекет басшысының пікірінше, бұл платформа әсіресе жастардың зияткерлік қабілетіне кері әсер етеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл пікірі "Сбер" банкінің "Жасанды интеллект әлеміне саяхат" (AI Journey 2026) халықаралық конференциясы кезінде жасанды интеллект саласында еңбек етіп жүрген дарынды жастармен кездесуде айтылды. Іс-шара Ресей астанасы Мәскеуде өтіп жатыр.

Кездесу барысында мемлекет басшысы адамдардың заманауи гаджеттерді қалай пайдаланатынына қатысты ойын білдірді. Оның айтуынша, бүгінде көпшілік смартфонның мүмкіндіктерін толық пайдаланбайды. Көп адам телефонды тек қоңырау шалу, хабарлама алмасу немесе видео көру үшін ғана қолданады.

Президент мұндай тәсілдің орнына цифрлық технологияларды тиімді пайдаланып, одан пайда табуға болатынын атап өтті.

Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда "халықтық цифрлық экономиканы" қалыптастыру бағытына тоқталды. Оның пікірінше, смартфонды дұрыс әрі орынды пайдалана білсе, оны заңды табыс табудың тиімді құралына айналдыруға болады.

"Смартфонды дұрыс әрі шебер пайдалану арқылы, шартты түрде айтқанда, ауылда немесе шағын елді мекенде отырып-ақ ақша табуға болады. Ол үшін сол жерде интернет болуы керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Тоқаев Путиннің шақыруымен Мәскеуге барғаны туралы жазған едік. Қасым-Жомарт Тоқаевты әуежайдан Ресей Үкіметінің ресми тұлғалары мен Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев қарсы алды. 

Айым Болатқызы
Жұма, 27 Қараша, 2026 11:07