Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда оқушылар есірткі айналымына қатысты күдікпен ұсталды

Полиция оқушы есірткі
Фото: Видеодан скрин

Алматыда үш мектеп оқушысы есірткі заттарын сату мақсатында сақтады деген күдікпен ұсталды. Олардың ең кішісі небәрі 12 жаста. Алдын ала мәлімет бойынша, қыздар есірткі курьері болып жұмыс істеп, тыйым салынған заттарды жасырын орындарға қалдырып отырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Ұсталған оқушылар жетінші және тоғызыншы сыныптарда білім алады. Қазір осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Бұдан бөлек, Рудный қаласында тағы екі жігіт ұсталған. Сондай-ақ есірткі сататын интернет-дүкеннің қоймашысы болып жұмыс істеген 19 жастағы Жітіқара тұрғыны да қолға түсті. Оны ұстау кезінде шамамен 400 грамм синтетикалық есірткі заты тәркіленген.

Бас прокуратура өкілдерінің мәліметінше, қылмыстық топтарды анықтауға "Кибернадзор" жүйесі көмектесіп жатыр. Оның көмегімен есірткіні насихаттау белгілері бар 10 мыңнан астам материал бұғатталған. Олардың қатарында алты мыңнан астам есірткі сататын интернет-дүкен бар.

Сонымен қатар қылмыстық жолмен алынған 2,5 миллиард теңгеден астам қаражатқа тыйым салынған.

Бас прокурордың аға көмекшісі Саян Әбденовтің айтуынша, заманауи технологиялар есірткі желісіне қатысы бар адамдарды анықтап қана қоймай, заңсыз бизнесті ұйымдастырушыларды да әшкерелеуге мүмкіндік береді.

Ол заманауи технологиялардың есірткі желісіне қатысушыларды анықтауға және қылмыстық бизнесті ұйымдастырушыларға шығуға көмектесетінін атап өтті.

Еске салсақ, 15 сәуірде Бақтыбек Исаев заңсыз әрекет жасады деген күдікпен ұсталды. Ішкі істер министрлігі қылмыстық іс қозғады. Тергеуден кейін ол қызметінен босатылып, қамауға алынды.

Бұған дейін ішкі істер министрлігі тексеріс нәтижесінде Атырау облысы полициясының төрт басшысы бірден қызметінен шеттетілгенін растады. Министрліктің ресми нұсқасына сәйкес, бұл жағдай "қызметтік-әскери тәртіптің өрескел бұзылуы, тиісті бақылаудың және жұмысты ұйымдастырудың болмауы" деп түсіндірілді.

Алайда БАҚ-та тексерудің қылмыстық істер бойынша заттай дәлелдеме ретінде тіркелген есірткі заттарына қатысты іс бойынша жүргізіліп жатқаны туралы ақпарат тарады.

Айым Болатқызы
Жұма, 27 Қараша, 2026 08:49