Ерсайын Нағаспаев ҚТЖ-ға кеткеннен кейін өнеркәсіп министрлігіне кім тағайындалды
39 жастағы Рахымжан Исақұлов Қазақстанның өнеркәсіп және құрылыс министрінің міндетін уақытша атқарушы болып тағайындалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде тараған ақпаратты өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі растады.
"ҚР өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Рахымжан Исақұлов министр белгіленген тәртіппен тағайындалғанға дейін ведомство басшысының міндетін уақытша атқарады. Ол жаңа министр тағайындалғанға дейін ведомство басшысының міндетін атқарады", – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Ведомствоның мәліметінше, қазір Рахымжан Исақұлов министрліктің жұмысына басшылық етіп, оның күнделікті қызметін қамтамасыз етіп отыр.
Айта кетейік, өнеркәсіп және құрылыс министрінің міндетін атқарушы Рахымжан Исақұлов 25 қарашада азаматтарды жеке қабылдаған.
Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қабылдау барысында тұрғындар тұрғын үй құрылысының сапасы, көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару, мүлік иелерінің бірлестіктерінің (МИБ) қызметі және тұрғындардың үйді басқару органдарымен өзара байланысы мәселелерін көтерген. Қосымша қарауды қажет ететін мәселелер министрліктің жауапты бөлімшелерінің бақылауына алынған.
Рахымжан Исақұлов туралы не белгілі?
Рахымжан Исақұлов 1987 жылғы 5 қарашада Шымкент қаласында дүниеге келген.
Ол "Болашақ" бағдарламасы бойынша Лондондағы Роял Холлоуэй университетін экономика және менеджмент бакалавры мамандығы бойынша бітірген. Сондай-ақ Жапония үкіметінің грантымен Жас көшбасшылар бағдарламасы аясында Ұлттық саяси зерттеулер жоғары оқу орнында мемлекеттік басқару магистрі дәрежесін алған.
Еңбек жолын 2010 жылы ҚР Президенті Кеңсесінде референттің міндетін атқарушы болып бастаған.
- 2013–2018 жылдары Президент Әкімшілігінде түрлі қызметтер атқарған.
- 2018–2020 жылдары Батыс Қазақстан облысы әкімінің аппаратын басқарған;
- 2020–2022 жылдары Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің аппарат жетекшісі болған;
- 2022–2023 жылдары ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің аппаратын басқарған;
- 2023–2024 жылдары Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің аппарат жетекшісі қызметін атқарған.
- 2024 жылғы 15 қарашада ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі болып тағайындалған.
Еске салсақ, осыған дейін "Самұрық-Қазына" қоры басқармасының шешімімен Ерсайын Нағаспаев "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы басқармасының төрағасы болып тағайындалғанын жазғанбыз.
