Теңге бағамы, инфляция деңгейі мен мұнай бағасы: Сарапшылар алдағы екі жылға арналған болжам жариялады
Қазақстан Ұлттық Банкі сарапшылар қауымдастығы арасында жүргізілген кезекті макроэкономикалық сауалнаманың нәтижесін жариялады. Сарапшылар Brent маркалы мұнайдың бағасы, Қазақстан экономикасының өсімі, инфляция, базалық мөлшерлеме, тауарлар мен қызметтердің экспорты және импорты, сондай-ақ теңге бағамы бойынша болжамдарын ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мұнай бағасына қатысты болжам өзгертілді
Мамандар мұнай бағасы бойынша сценарий шарттары 2026 жылға жылдық орташа есеппен 1 баррель үшін 93,3 АҚШ долларына дейін жоғары қарай қайта қаралды.
2027 және 2028 жылдарға – тиісінше 1 баррель үшін 80 және 75 АҚШ доллары деңгейінде сақталды.
Доллар бағамы қанша болады?
Сауалнама нәтижесіне сәйкес, сарапшылар 2026 жылы доллардың орташа жылдық бағамы 472 теңге болады деп болжап отыр. Ал бұған дейінгі сауалнамада бұл көрсеткіш 479 теңге деңгейінде болған.
Алдағы жылдарға қатысты болжам да теңгенің нығаюы жағына қарай өзгертілді:
- 2027 жылы доллар бағамы бұрын болжанған 499,6 теңгенің орнына 489,8 теңге болады;
- 2028 жылы 527,1 теңгенің орнына 510,4 теңге болады деп күтілуде.
Осылайша, сарапшылар алдағы үш жылға арналған доллар бағамы болжамын түгелдей қайта қарап, теңгенің нығаюына қатысты күтулерін жақсартқан.
Қазақстан экономикасының өсіміне қатысты болжамдар біршама түзетілген. 2026 жылға болжам 4,8%-дан 4,6%-ға дейін аздап төмендеді, 2027 жылға – 4,7% деңгейінде сақталса, 2028 жылға – 4,4%-дан 4,5%-ға дейін өсті.
Инфляция мен базалық мөлшерлеме
Инфляция бойынша болжамы 2026 жылға – 9,5%-дан 9,1%-ға дейін жақсарған. 2027 жылға – 8,3%-дан 8,0%-ға дейін жақсарды, 2028 жылға – 6,9%-дан 7%-ға дейін біршама өсті.
Аналитиктер 2026 жылдың соңына қарай базалық мөлшерлеме 15,75% деңгейінде сақталады деп күтеді. Күтулер медианасы 2027 жылға – 13,3%-дан 13,4%-ға дейін,
2028 жылға – 11,5%-дан 10,8%-ға дейін біршама түзетілді.
Айта кетейік, сауалнамаға Қазақстанның макроэкономикалық көрсеткіштерін талдап, болжаумен айналысатын 15 ұйым қатысты. Респонденттердің қатарына нарықтың кәсіби қатысушылары, зерттеу институттары, халықаралық ұйымдар мен рейтинг агенттіктері кіреді.
Макроэкономикалық сауалнамаға Ұлттық Банк болжамдары кірмейтінін атап өтеміз. Ұсынылған көрсеткіштер нарықтағы кәсіби қатысушылардың тәуелсіз пікірін, бағалаулары мен күтулерін көрсетеді.
Еске салсақ, Қазақстан қаржыгерлері доллар бағамына қатысты бір жылдық болжамын қайта қарады. Қарашадағы сауалнамаға қатысқан сарапшылар бір жылдан кейін доллар 499,4 теңге болады деп күтеді. Бұған дейінгі болжам — 502,6 теңге болған.
