Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Прокурор Алмасбек Садырбайға 10 жыл түрме жазасын сұрады

Алмасбек Садырбай
Фото: Видеодан скрин

Алматы облысының Қонаев қалалық сотында қоғам белсендісі әрі агроэксперт Алмасбек Садырбайға қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы оған 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Садырбай мемлекеттен ауыл шаруашылығын дамытуға бөлінген шамамен 1,2 миллиард теңге субсидияны жымқырды деп айыпталып отыр. Бұл іс бойынша онымен бірге тағы алты адам сот алдында жауап беріп жатыр.

Қоғам белсендісіне қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылды:

  • 190-бап – алаяқтық;
  • 218-бап – қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру (жылыстату);
  • 262-бап – ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған басшылық ету, сондай-ақ оған қатысу.

Тергеу нұсқасына сәйкес, Алмасбек Садырбай бір топ адаммен бірге мемлекеттен субсидия алу үшін жалған ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрған. Олар ұсақ малды қолдан ұрықтандыруға бөлінген мемлекеттік қаражатты заңсыз иемденуді көздеген деген күдікке ілінді.

Мемлекеттік айыптаушы Әлімжан Санабаев Алмасбек Садырбайды 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. 

Адвокат Анара Кусаинованың айтуынша, соттағы тергеу кезеңі жеті айға созылған, ал қылмыстық іс материалдары бірнеше жүз томнан тұрады.

Қорғаушының сөзінше, прокурор айыптау сөзінде Садырбай мен басқа да сотталушылардың әрекеттерінен тағылған қылмыстық құқықбұзушылық құрамының бар екені туралы қорытындыға қандай дәлелдер негіз болғанын талдамаған.

Садырбай тағылған айыпты мойындамайды

Алмасбек Садырбай өзіне тағылған айыптармен келіспейтінін және бюджет қаражатын жымқыруға қатысы барын дәлелдейтін айғақтар жоқ екенін мәлімдеген.

Ол бұған дейін іс материалдарында өзінің ақша алғаны немесе біреуді алдағаны туралы ешқандай дәлел жоқ екенін айтқан. Сондай-ақ фермерлерге мемлекеттен тиесілі көмектің толық жетпей жатқаны туралы мәселе көтергенін жеткізген.

"Айыптау актісінің өзі 90 беттен тұрады. Істе 500 том материал бар! "Алмасбек Садырбай ақша алды немесе біреуді алдады" деген сөзді естіп көрдіңіздер ме? Құжаттарда да, ауызша да ондай ештеңе жоқ. Менің қатысым тек Қазақстан фермерлерінің мемлекеттен ала алмаған көмегіне байланысты. Ал қазір шаруалар алған барлық субсидияны менің мойныма іліп қойып отыр", – деген еді ол.

Қорғаушы прокурордың әрекетіне шағымданған

Бұған дейін сотталушының адвокаты Анара Кусаинова Қонаев қалалық сотының ғимаратында Алмасбек Садырбайға күш қолданылғанын мәлімдеген болатын.

Адвокаттың айтуынша, оқиға кезінде сот ғимаратында болған мемлекеттік айыптаушы Әлімжан Санабаев Садырбайдың көмек сұрағанына қарамастан, оған араша түспеген.

Осы жағдайға байланысты Кусаинова Алматы облысының прокуроры Берік Адамовқа жүгініп, мемлекеттік айыптаушының әрекетіне құқықтық баға беруді сұраған. Сонымен қатар қорғау тарапы Сот әкімшілігінен сот қызметкерлеріне қатысты қызметтік тексеру жүргізуді талап еткен.

Еске салайық, Алмасбек Садырбай 2024 жылғы 6 қарашада қамауға алынған. Бастапқыда қылмыстық істі Қаржылық мониторинг агенттігі тергеген. Кейін іс прокуратура органдарына берілген.

Алмасбек Садырбай қоғам белсендісі, агроэксперт және Қазақстан қой өсірушілердің ұлттық "Шопан-ата" қауымдастығының төрағасы ретінде танымал. Қамауға алынғанға дейін ол отандық фермерлердің мәселелерін жиі көтеріп, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың жұмысына қатысты сын айтып жүрген.

Еске салайық, бұған дейін Алмасбек Садырбайдың сыбайласы тергеу сотының санкциясымен үй қамауында отырғанын жаздық. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына (Жерге заттай құқықтарды бұзу) сәйкес, өзге мәліметтер жарияланбайды. Мәліметтерге сенсек, ол өзі басқаратын адамдар тобы Балқаш, Еңбекшіқазақ, Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандарында жалған ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрды деп күдікке ілінді.

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 26 Қараша, 2026 15:33