"Ешқандай кешірім қабылдамаймын": Тұрсынбек Қабатовтың екінші жары желідегілерге шара қолданбақ
Әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың екінші жұбайы Айман Талғатқызы әлеуметтік желіде есімін, суреттері мен видеоларын рұқсатсыз пайдаланған адамдарға қатысты заң аясында шара қолданатынын мәлімдеді. Ол осы уақытқа дейін неге үнсіз жүргенін түсіндіріп, өз атынан ашылған бірнеше парақшаның скриншотын жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Айман Талғатқызының айтуынша, ол Instagram, Threads, TikTok және басқа да әлеуметтік желілердегі жазбалар мен пікірлерді тіркеп болғанша бұл туралы ашық айтпауды жөн көрген. Қажетті материалдарды жинауға адвокат, сарапшы және нотариус көмектескен. Ол IP-мекенжайларды анықтаумен айналысатын органдардың да көмегіне жүгінгенін айтты.
Оның сөзінше, қазір кейбір қолданушылар бұрын жазған пікірлерін өшіріп жатыр. Алайда ол сол жарияланымдарды алдын ала тіркеп алғанын жеткізді.
“Жанталасып пікірлеріңді өшіріп жатырсыңдар. Ешқандай кешірім қабылдамаймын”, – деді Айман Талғатқызы.
Ол жалған деп атаған бірнеше парақшаның скриншотын жариялап, олардың да өзі жинаған тізімге енгенін айтты.

Айман Талғатқызының сөзінше, кейбір парақша иелері әрекетінің заң алдында салдары болуы мүмкін екенін біле тұра, жазба жариялауды жалғастырған.
“Оның үстіне, әрекеттеріңнің қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін екенін біле тұра, тоқтамадыңдар. Маған да еріншектік жат емес. Қалай өзгертсеңдер де, қайда тығылсаңдар да, енді кеш”, – деді ол.
Айман Талғатқызы TikTok-та өз есімімен ашылған бір парақшаға бөлек тоқталды. Оның айтуынша, парақша фан-аккаунт ретінде ашылғанымен, оны жүргізген адам өзін Айман Талғатқызы ретінде көрсетіп, жұрттың наразылығын тудырған жазбалар жариялаған.
“TikTok-та менің атымнан фан-парақша ашып, халықтың ашу-ызасын тудыратын контент жариялап, мен болып көрініп жүрген парақша иесіне қатысты заң аясында жауапкершілік мәселесі көтеріледі”, – деді ол.
Айман Талғатқызы есімі, фотосы мен видеолары рұқсатсыз пайдаланылған өзге де жарияланымдарды нотариус арқылы тіркеп, тиісті құжаттарды жинап жатқанын айтты.

Еске салайық, бұған дейін продюсер Мөлдір Мұқанова әзілкеш Тұрсынбек Қабатовпен заңды түрде ажырасып кеткенін мәлімдеді. Оның сөзінше, 14 жыл бұрын әзілкештің көңілдесі пайда болған. Сондай-ақ продюсер Тұрсынбек Қабатов балаларын бұғаттап қойғанын айтты.
Продюсердің сұхбатынан кейін желі қолданушылары Тұрсынбек Қабатовқа бойкот жариялауға шақырды. Оған қоса, желі қолданушылары Тұрсынбек Қабатовтың Instagram желісіндегі парақшасында түрлі пікір қалдырып жатыр.
Кейінірек Тұрсынбек Қабатов экс-әйелінің сұхбатына жауап берді.
"Анам комада жатыр": Жамбыл облысында әйел бұрынғы күйеуінің үйінен ауыр жарақатпен табылды