Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үкіметтің бір парағы": Тұрсынбек Қабатовтың екінші әйелі заңды некені құнсыз етемін деп сынға қалды

Тұрсынбек Айман
Фото: Әлеуметтік желіден

Танымал әзілкеш, тележүргізуші Тұрсынбек Қабатовтың екінші әйелі Айман Талғатқызы әлеуметтік желіде желі қолданушыларына жеке өміріне қатысты әңгімеге жауап беремін деп сынның астында қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Айман Талғатқызының жазбасы көпшіліктің ашуын туғызды. Ол өзін екінші әйел деп санамайды. 

“Ешқашан ешкімнің көңілдесі де, тоқалы да болған емеспін. Бірінші күннен Алланың алдында мешітке барып некелескен, мұсылмандық, шариғат жолмен қиған некем бар. Менің де, оның да бір ғана некесі. Үкіметтің бір ғана парағына мәз болып жүргенде, өзіңнің зина жасап жүргеніңнен хабардар бол. Алда не болатынын білмеймін, Құдай емеспін. Қайссың не десең де, қалай қарғасаң да Құдай қалағанша, Жер тұрғанша тұратыным анық”, – деп жазды ол.
Айман 3
Фото: Әлеуметтік желіден

Алайда желі қолданушылары бұл пікірмен келіспейді. Олар заңды некені құнсыздандырғаны үшін ашуға мінді.

“Барлық құқығыңды қорғайтын сол “үкіметтің парағы”. Алла алдында қиып берген мешіттің неке парағын алғаныңмен, күйеуің ауызша үш рет талақ айтып, маңыратып кетеді”, “Жасырын неке адал неке болып санала ма?”, “Некені қиған мешіттегі имамды жауапқа тарту керек. Мешітте неке қиярда заңды неке қағазын сұрайды. Онсыз неке қиылмайды”, “20 жылдан бері үкіметтің бір парағына риза болып жүрмін”, “5 баланың үстінен неке қию қашаннан бері “ақ неке” саналады”, – деп жарыса жазды желідегілер. 

Кейін әзілкештің жұбайы көпшіліктің дұрыс түсінбей, байбаламға салып жатқанын айтты.

“Екі әйел де сүйді, екеуі де сенді, үміттенді. әркімнің көрер жолы болды. Алла әр тарапқа өзінше сынақтармен қатар хайрын берді. “Әйелімін” деп, әйел деген атынан ауытқып кеткен, шаршап жүрген әйелдер көп. “Әйелмін” дейді, бірақ өмірде сенері тек бір парақ қағаз. Араларында сезім де, мақсат та, жетістік те жоқ. Мен соны астарлап айтқан едім”, – деп жазды Айман Талғатқызы. 

Ол “менің де, оның да” деп екі әйелді меңзедім деп ақталды. 

 Желіде бұл жазбалардан кейін Тұрсынбек Қабатов мен Мөлдір Мұқанованың тұңғыш қызы Әдемі Тұрсынбекқызының желіге жариялаған жазбасы көпшіліктің көзіне түсті. Желі қолданушылары мұны Айманға берген жауабы деп топшылады.

Айман 4
Фото: Әлеуметтік желіден
“Текті жердің қызын алсаң тойған сайын құлпырады, тексіз жердің қызын алсаң тойған сайын құтырады”, – деп қысқа қайырды бойжеткен. 

Желі қолданушыларының бірі Айман Талғатқызына көптің сөзін көтере алмаса парақшасын жауып, атын өзгертуге кеңес берді. 

Айта кетейік, Тұрсынбек Қабатов – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал әзілкеш әрі тележүргізуші. Ол сахнадағы қойылымдарында отбасылық қарым-қатынас пен қоғамдағы түрлі мәселелерді жиі қозғайды.

Еске салайық, бұған дейін продюсер Мөлдір Мұқанова әзілкеш Тұрсынбек Қабатовпен заңды түрде ажырасып кеткенін мәлімдеді. Оның сөзінше, 14 жыл бұрын әзілкештің көңілдесі пайда болған. Сондай-ақ продюсер Тұрсынбек Қабатов балаларын бұғаттап қойғанын айтты.

Продюсердің сұхбатынан кейін желі қолданушылары Тұрсынбек Қабатовқа бойкот жариялауға шақырды. Оған қоса, Желі қолданушылары Тұрсынбек Қабатовтың Instagram желісіндегі парақшасында түрлі пікір қалдырып жатыр.

Кейінірек Тұрсынбек Қабатов экс-әйелінің сұхбатына жауап берді.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 18 Қараша, 2026 17:51