Қойма нарығы тепе-теңдікті күтіп отыр: Алматыда CAWS 2026 саммиті өтті

Қазан айында Алматыда Central Asia Warehouse Summit 2026 (CAWS 2026) саммиті өтті. Орталық Азияның қойма нарығына қатысушылар мен халықаралық инвесторлар қандай қоймаларға сұраныс болатынын, жобалар экономикасының қалай өзгеріп жатқанын және салаға инвестиция тарту үшін не қажет екенін зерттеулер мен практикалық тәжірибеге сүйене отырып талқылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Саммит 15 қазанда The Ritz-Carlton қонақүйінде өтті. Оны IBC Global консалтингтік компаниясы жыл сайын ұйымдастырады. Биыл іс-шараға 13 елден 350-ден астам адам қатысты: девелоперлер мен қойма иелері, жалға алушылар, логистикалық операторлар, банктердің, инвестициялық қорлардың, халықаралық қаржы институттары мен мемлекеттік органдардың өкілдері. Саммиттің негізгі тақырыбы – "Қазақстанның қойма нарығы: 2026-2027. Енді жалға алушылардың уақыты ма?".
Нарық тынысы: 48,1 балл
Саммиттің басты оқиғаларының бірі – IBC Global әзірлеген жаңа көрсеткіш – "Орталық Азия қойма нарығының тынысы" зерттеуінің тұсаукесері. Көрсеткіш аймақтың төрт еліндегі 100-ден астам компанияның бағалауына негізделген.
2026 жылғы III тоқсанның қорытындысы бойынша көрсеткіш 100 балдың 48,1 балын құрады, бейтарап деңгей – 50 балл. Сауалнамаға қатысқандардың 52%-ы бір жылдан кейін сұраныс пен ұсыныс теңеседі деп күтеді, ал девелоперлердің 81%-ы жаңа жобаларды іске қосуды жоспарлап отыр. Дегенмен жалға алушылар тарапынан сұраныстың әлсіздігі әлі де нарықты тежейтін негізгі фактор болып қалып отыр.
"Қойма инфрақұрылымын дамыту ішкі сауда, экспорттық жеткізулер және Қазақстанның транзиттік әлеуетін іске асыру үшін маңызды. Инвестиция жұмылдыру үшін жұмыс істеудің болжамды жағдайлары және инфрақұрылымдық әрі әкімшілік мәселелерді жүйелі шешу қажет", – деді Kazlogistics Қазақстан көлікшілер одағы Президиумының мүшесі Ерхат Искалиев.
Бизнеске қандай қоймалар керек
Пікірталастың басты тақырыптарының бірі – жаңа қойма нысандарының бизнес қажеттілігіне қаншалықты сай келетіні. Девелоперлер сұранысқа нысанның орналасқан жері, инженерлік жабдықталуы және құрылыс сапасы қалай әсер ететінін, сондай-ақ маркетплейстер мен сауда желілерінің талаптарын талқылады.
"Қазпошта" АҚ жалпы ауданы кемінде 50 мың шаршы метр болатын қойма және логистикалық хабтарды кезең-кезеңімен құру жоспарын таныстырды. Нысандар еліміздің бірнеше өңірінде орналасып, халықаралық жөнелтілімдерді өңдеуге, тауар таратуға және фулфилмент қызметтеріне арналады. Компанияның Инфрақұрылымды басқару дирекциясы филиалының басшысы Салтанат Төлекованың айтуынша, "Қазпошта" халық пен бизнеске қызмет көрсету желісін де дамытып жатыр.
Саммитте шағын және орта бизнеске арналған Light Industrial форматындағы екі кешен таныстырылды: Астанадағы CRED Group компаниясының Business Park AQJOL жобасы және Бішкек маңындағы MEGA UNITS by DSKA кешені. Екі жобаның жиынтық инвестиция көлемі 60 млн долларға дейін жетеді. Бұл формат – ортақ инфрақұрылымы мен сервисі бар автономды блоктар: өндірісті, қойманы және кеңсені бір жерде орналастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге Қазақстанда ірі жалға алушыларға арналған ауқымды қойма кешендері де салынып жатыр. Солардың бірі – халықаралық девелопер Griffin Partners Еуразиялық даму банкінің қолдауымен жүзеге асырып жатқан "Griffin Логопарк Алматы" жобасы. Кешеннің жалпы ауданы 125 мың шаршы метрден асады.
А класты қоймалар рейтингі
IBC Global Қазақстандағы А класты қоймалардың ірі меншік иелерінің рейтингін де жариялады. Іріктеуге қатысқан 30 компанияның ішінен Continental Logistics, Focus Logistics, Imagine Apple Logistics, Mercury Solutions және "Еуразиялық Логистикалық Парк" жеңімпаз атанды. Олардың жиынтық қойма портфелі шамамен 400 мың шаршы метрді құрайды.
"Еуразиялық Логистикалық Парк" "Жыл жаңалығы" номинациясы бойынша марапатталды. Ал Sky Logistics Corporation BREEAM стандарты бойынша сертификатталған кешені үшін жаңа экологиялық номинацияда жеңіске жетті.
Құрылыс экономикасы және кадр мәселесі
Бағдарламаның практикалық бөлімі қойма құрылысының экономикасына арналды. Standart жобалау бюросының, "Техностиль" компаниялар тобының, жиһаз бен үй тауарлары гипермаркеттерінің Hoff желісінің және сөре жүйелерін шығаратын AVETO компаниясының өкілдері құрылыс құнына, энергия тиімділігіне және технологиялық жабдықталуға әсер ететін шешімдерді қарастырды. Қатысушылар бастапқы инвестицияны ғана емес, нысанды кейін пайдалану шығындарын да бірге бағалау қажет екенін атап өтті.
Кадр нарығындағы ахуалды саммиттің аналитикалық және ақпараттық серіктесі hh.kz таныстырды. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған шолуға сәйкес, "Көлік, логистика, тасымалдау" сегментінде бір бос жұмыс орнына 6,7 түйіндеме келеді, ал ұсынылатын медианалық жалақы бір жылда 16,4%-ға өскен. Ozon, Facility Management Central Asia және ALT University өкілдері үміткерлердің жеткілікті болуы біліктілік мәселесін толық шешпейтінін айтып, практикалық оқыту мен еңбек жағдайларының маңызын талқылады.
Қаржыландыру
Қаржы сессиясында банктердің, даму институттары мен инвесторлардың өкілдері жобаларға қойылатын талаптарды, қарыз қаражатының құнын және валюталық тәуекелдерді қарастырды. ЕҚДБ мен Еуразиялық даму банкі өкілдері қатысқан талқылауда қаржыландыру шарттары, инвестициялық қорлардың даму мүмкіндігі және дайын қойма нысандарымен жасалатын мәмілелер сөз болды.
Саммит IBC Global компаниясының Орталық Азиядағы қойма нарығының даму болжамын таныстырумен аяқталды.
"Орталық Азияның қойма нарығы қалыптасу мүмкіндігін ғана талқылайтын кезеңнен өтті. Бүгінде нарыққа қатысушылар тек даму туралы емес, оны шектейтін факторлар туралы да ашық айтады. Нарықтың кемелденуі дәл осылай көрінеді", – деді IBC Global компаниясының басқарушы серіктесі Станислав Ахмедзянов.
CAWS 2026 серіктестері – Business Park AQJOL, Standart жобалау бюросы, Griffin Partners, "Техностиль" компаниялар тобы, MEGA UNITS by DSKA, "Дордой" қауымдастығы, "А-Сталь Азия", Facility Management Central Asia және AVETO. Саммиттің аналитикалық және ақпараттық серіктесі – hh.kz. Іс-шара "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Almaty Invest ұйымының, Қазақстан логистер клубының және "Метрикон" ақпараттық цифрлық платформасының қолдауымен өтті.
Қазақстан туын балконға ілуге, киімге басуға бола ма? Мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібі қандай