Сот "Самұрық-Қазына" мен "ҚТЖ" басшыларын қамауға алуға санкция берді
Сот “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиевты қамауға алуға санкция берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мұны Ұлттық қауіпсіздік комитеті растады.
“Аталған азаматтар 12 қарашада сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ал 14 қарашада тергеу сотының санкциясымен оларға қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр”, – делінген комитет жауабында.
Ведомство Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеудің өзге деректері жарияланбайтынын мәлімдеді.
“Самұрық-Қазына” мен ҚТЖ басшылары қалай ұсталды?
12 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі “Самұрық-Қазына” қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты және “Қазақстан темір жолы” басшысы Елжас Отышиевты, басқа да адамдарды ұстағанын ресми түрде растады.
Комитет мәліметінше, олар сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген. Қазір істің барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүріп жатыр.
Айта кетейік, “Қазақстан темір жолы” басшысы Елжас Отышиев бұл қызметке тағайындалғанына төрт ай жетпей ұсталды.
Сонымен қатар 12 қарашада желіде Астанадағы Қонаев көшесінде орналасқан тұрғын үй кешенінің маңында шашылып жатқан доллардың видеосы тарады. Кадрдан бірнеше бума ақша көруге болады.
Желіде бұл ақшаның “Самұрық-Қазына” мен ҚТЖ басшыларының ұсталуына қатысты іске қатысы болуы мүмкін деген болжамдар айтылды. Оған қоса тінту кезінде ұсталғандардың бірінің әйелі пәтер терезесінен ақша салынған сөмкелер мен шабадандарды лақтырып жіберген деген нұсқа тарады.
Алайда бұл ақпарат көшеден табылған ақшаға қатысы бары ресми расталмады.
Бұдан бөлек, желіде “Самұрық-Қазына” мен ҚТЖ басшыларының ұсталған сәті түсірілген видео жарияланды.
Тоқаев ұсталған басшыларға қатысты мәлімдеме жасады
13 қарашада президент Қауіпсіздік кеңесінің жедел кеңесін өткізді. Жиында Мемлекет басшысы “Самұрық-Қазына” мен ҚТЖ басшыларының ұсталуына қатысты пікір білдірді.
Тоқаев бұл оқиғаны мемлекеттік компанияларда сыбайлас жемқорлықтың кеңінен таралғанын көрсететін елеулі белгі деп атады. Оған қоса басшылардың жемқорлыққа қатысы болуы мүмкін деген ақпаратты жедел әрі мұқият тексеру керегін айтты.
Президент үкімет пен бақылаушы органдарға 24 қарашаға дейін сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарының алдын алуға және оларды азайтуға бағытталған нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
Кейін президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мемлекет басшысының тергеу барысынан әуел бастан хабардар болғанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, Тоқаевтың сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі ұстанымы өзгермеген. Президент бұл бағыттағы жұмысты қатаң түрде жалғастырады.
Қазақстан туын балконға ілуге, киімге басуға бола ма? Мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібі қандай