Қарағанды облысында жүргізуші жасөспірімді қағып, кетіп қалған: Денесі 4 сағат жолда жатқан
Қарағанды облысында көлік қағып кеткен 14 жастағы оқушы оқиға орнында көз жұмды. Марқұмның туыстары қызды қағып кеткен көлік жүргізушісін әлі күнге дейін кәсіпкерлікпен айналысып жүргенін айтып, оның ұсталуын талап етіп отыр. Ал жүргізуші жол-көлік оқиғасы болған жерден кішкентай немересі шошып кеткендіктен кетуге мәжбүр болдым деп ақталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қайғылы оқиға 17 қазанда кешкі сағат 21:00 шамасында Петровка ауылында болған. 14 жастағы Ангелина Поганько серуеннен үйіне қайтып келе жатып, жолдан өтіп бара жатқанда көлік қағып кеткен. Қыз ауыр жарақат салдарынан оқиға орнында көз жұмды.
Оқиға кезінде тежегіштің дыбысы мен соққыны жақын маңдағы үйлердің тұрғындары естіген. Куәгерлердің бірі көліктің соңынан қуып жетіп, мемлекеттік нөмірін жазып алғанын айтады. Оның сөзінше, көліктің алдыңғы нөмірі болмаған, ал алдыңғы бөлігінде соққыдан қалған зақым байқалған. Осыдан кейін ол полицияға хабар берген.
Марқұмның туыстары қызды Теміртаудан Ботақараға жұмысқа қатынап жүрген жергілікті кәсіпкер әйел қағып кетті деп күдіктеніп отыр. Олардың айтуынша, көліктің алдыңғы нөмірі оқиға орнынан табылған. Ал жүргізуші біраз уақыттан кейін сол жерге қайта оралған.
Қыздың әжесі Альмира Поганько жүргізушінің оқиға орнында бірден ұсталуын талап етіп отыр.
"Бала төрт сағат бойы жолда жатқан. Сол жермен көліктер өтіп жатты, ал ол болса, қолын қалтасына салып, емін-еркін жүрді. Оның оқиға орнында жүруге мүлде құқығы жоқ еді, оны бірден қамауға алуы керек еді. Біз де заңдарды оқып, бәрін білеміз. Ал ол әлі күнге дейін жұмыс орнында отырып, саудасын жасап жүр. Біз түнде көз іле алмаймыз", – деді марқұмның әжесі.
Көлік тергеу аяқталғанша айыптұраққа қойылған. Ал оның иесі Гүлмира Рахменова жол-көлік оқиғасы кезінде сағатына 50 шақырым жылдамдықпен жүргенін айтады.
"Көліктің артында үш жастағы немерем отырды, сондықтан оқиға орнынан кетуіме тура келді. Ол соққыдан кейін қатты шошып, жылады. Мен небәрі 30 минуттан кейін қайта оралдым. Ешкімнен қашып жүрген жоқпын. Кейін барып, кешірім сұрадық, ата-анасымен сөйлестік. Олар 30 миллион теңге талап етті, бірақ менің ондай қаражатты төлеуге мүмкіндігім жоқ", – деді ол.
Полиция бұл оқиғаға қатысты бірден екі бап бойынша қылмыстық іс қозғаған. Олар – абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу және жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу.

Қарағанды облыстық полиция департаментінің жол-көлік оқиғаларын тергеу бөлімінің басшысы Нұрлан Аманжоловтың айтуынша, қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Көліктің нақты жылдамдығы мен жүргізушінің апаттың алдын алу мүмкіндігі болған-болмағанын анықтау үшін қажетті сараптамалар тағайындалған.
Сараптама қорытындысы шыққаннан кейін жүргізушінің кінәсіне қатысты процессуалдық шешім қабылданады. Полиция өкілдерінің мәліметінше, аталған баптар бойынша тараптардың татуласуына жол берілмейді. Егер әйелдің кінәсі дәлелденсе, оған бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Бұған дейін Астанада автобус жаяу жүргіншіні қағып кетіп, төрт адам ауруханаға түскен еді. Желідегі мәліметке сүйенсек, қыз жолға кенеттен жүгіріп шыққан. Куәгерлердің айтуынша, жедел жәрдем оны ауыр жағдайда ауруханаға алып кеткен.
Қазақстан туын балконға ілуге, киімге басуға бола ма? Мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібі қандай