562 миллион теңге шығын: Buyers Union қаржы пирамидасына қатысты іс Астана сотына жолданды
Астанада "Buyers Union" қаржы пирамидасын ұйымдастырды және оның қызметіне жетекшілік етті деген күдікке ілінген бес адам сот алдында жауап береді. Қаржы пирамидасы салдарынан 332 азамат 562 миллион теңгеден астам қаражатынан айырылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, күдіктілер өз қызметтеріне заңды сипат беру үшін тұтыну кооперативі мәртебесін пайдаланған. Сондай-ақ ірі бизнес орталықтарынан кеңселер жалдап, еліміздің әр өңірінде бөлімшелер ашқан.
Қаржы пирамидасының кеңселері Астана, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Атырау, Көкшетау, Қарағанды, Тараз, Шу, Алматы, Шымкент және басқа да елді мекендерде жұмыс істеген.
“Азаматтарға әлеуметтік желілер мен интернет платформалар арқылы үй немесе көлік сатып алуға пайызсыз несие алу, қолданыстағы кредиттерді қайта қаржыландыру және Trade-in бағдарламасын пайдалану ұсынылған”, – деп мәлімдеді агенттік.
Алайда мұндай несиеге қол жеткізудің басты шарты жаңа қатысушыларды тарту болған. Азамат бастапқы жарна ретінде пай жарнасын төлегеннен кейін кезекке тұрған. Ал оның кезегі жаңа қатысушылардан түсетін ақшаға қарай жылжыған.
Қатысушылармен байланыс орнату үшін "TrustContact" және "TrustMe" цифрлық платформалары қолданылған. Олар арқылы азаматтар келісімшарттарды онлайн рәсімдеп, жеке кабинеттеріне кіріп, салған қаражаты мен кезектің жылжуын бақылай алған.
Нәтижесінде 332 азаматпен жалпы сомасы 562 миллион теңгеден асатын келісімшарт жасалған.
Қазір қылмыстық іс сотқа жолданды.
Бұған дейін банк өкілдері "Nomadgames" және "Sultangames" онлайн-казиноларынан 188 миллиард теңгені шығаруға көмектескені туралы жазған едік. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, заңсыз қызмет "Nomadgames", "Sultangames" интернет-сайттары мен олардың көшірме сайттары арқылы жүргізілген.
Қазақстан туын балконға ілуге, киімге басуға бола ма? Мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібі қандай
