NVIDIA компаниясының бұрынғы басшысы қызметіне қайта оралуға дайын екенін мәлімдеді
NVIDIA-ның бұрынғы басшысы Дженсен Хуанг қызметінен кетуіне себеп болған жағдайға қатысты алғаш рет мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі РБК басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ол директорлар кеңесі осындай шешім қабылдаса, компания басшылығына қайта оралуға дайын екенін айтты.
“Қызметтен кеткен соң NVIDIA қызметкерлері, инвесторлары, іскер серіктестері мен клиенттерінен бас директор қызметіне қайта оралуымды сұраған көптеген өтініш түсті. Егер директорлар кеңесі менің қайта оралуым компанияға, оның акционерлері мен қызметкерлеріне, Американың мүддесіне сай келеді деп шешсе, қызметіме қайта оралуға дайынмын”, – деді Дженсен Хуанг.
Оның сөзін The Wall Street Journal басылымы келтірді.
Сонымен қатар Хуанг отбасынан және компания қызметкерлерінен тағы да кешірім сұрап, жеке өмірінде “елеулі қателіктерге” жол бергенін мойындады.
“NVIDIA қызметкерлеріне қойылатын талаптарға сай бола алмадым. Өз әрекетім арқылы директорлар кеңесіне қиындық туғызғанымды түсінемін және оған қатты өкінемін. Жіберген қателіктерім үшін толық жауапкершілікті мойныма аламын. NVIDIA сияқты компанияның дәл Америкада құрылуы кездейсоқ емес”, – деді ол.
Хуанг 12 қарашада некеден тыс қарым-қатынастары туралы ақпарат тараған соң қызметінен кеткен. БАҚ-та оның Қытай барлау қызметімен байланысы болуы мүмкін деген әйелмен қарым-қатынаста болғаны туралы ақпарат тараған. Сонымен қатар оның NVIDIA компаниясында жұмыс істейтін екі қызметкермен де көңіл қосқаны айтылған.
Бір күн бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп Дженсен Хуангтың NVIDIA бас директоры қызметіне қайта оралуына қарсы емес екенін мәлімдеген. Оның айтуынша, Хуанг өз қателігінен сабақ алған. Трамп Дженсен Хуангтың Megaspeed International компаниясының бұрынғы басшысы Элис Хуангпен қарым-қатынаста болғанын да атап өткен. Алайда оның Қытайға тыңшылық жасады деген күдікке қатысы бар-жоғын білмейтінін айтқан.
Сол күні NVIDIA басшыларының бірі Надер Халил директорлар кеңесінің төрағасы Харви Джонсқа хат жазып, Дженсен Хуангты қызметіне қайтаруды ұсынған.
The Wall Street Journal басылымның мәліметінше, NVIDIA директорлар кеңесі Хуангты қайтадан бас директор етіп тағайындау мәселесін қарастырып жатқан жоқ.
Бұған дейін Дженсен Хуангты қызметіне қайтаруды қолдаған ашық үндеуге Tesla және SpaceX компанияларының басшысы Илон Маск пен Epic Games жетекшісі Тим Суини де қосылған.
Сонымен қатар NVIDIA-ның ірі инвесторлары – Altimeter Capital негізін қалаушы Брэд Герстнер мен Atreides Management басшысы Гэвин Бейкер де директорлар кеңесіне жеке хат жолдаған. Олар Хуангты қызметіне қайта тағайындау мүмкіндігін де ескеріп, барлық ықтимал нұсқаны қарастыруға шақырған.
Еске салайық, бұған дейін Nvidia компаниясының басшысы Дженсен Хуанг Қытай барлау қызметімен байланысы болуы мүмкін Элис Хуанг есімді кәсіпкер әйелмен көңілдес болғаны туралы ақпарат тарағаны хабарланған еді. The New York Times басылымының мәліметінше, АҚШ арнайы қызметтері әйелді бір жылдан астам уақыт бақылап, оның Қытай билігіне ақпарат жеткізген болуы мүмкін деген күдікке келген. Кейін Дженсен Хуанг әйеліне опасыздық жасағанын мойындап, отбасынан кешірім сұрады. Осы жағдайдан кейін Nvidia директорлар кеңесі тәуелсіз тергеу бастады. Алайда компания әзірге құпия деректердің сыртқа тарағанын растайтын дәлел жоқ екенін мәлімдеді.
"Салт-дәстүрді "біздікі, өзгенікі" деп бөлмейміз": Қазақстандағы өзге ұлт өкілдері неге балаларына тұсаукесер жасайды
