Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Nvidia басшысы қытайлық тыңшы әйелмен көңілдес болған: Енді компания құпия деректерінің тарауына алаңдаулы

Nvidia басшысы тыңшымен көңілдес болған
Фото: Reuters

Nvidia компаниясының басшысы Дженсен Хуанг Қытай тыңшысы болуы мүмкін әйелмен көңілдес болған деген ақпарат тарады. Даулы хабардан кейін америкалық чип өндіруші компания тәуелсіз тергеу бастады. Ал Хуангтың өзі әйеліне опасыздық жасағанын мойындап, отбасынан кешірім сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС порталына хабарлайды.

Компания жетекшісі Дженсен Хуангтың өзі әйеліне опасыздық жасағанын растады. Компанияны тергеуге түрткі болған басты күдік – Хуангтың көңілдесі Қытай арнайы қызметтеріне жұмыс істеуі мүмкін деген ақпарат. АҚШ тарапы әйелдің компанияға қатысты құпия мәліметтерді Қытайға беруі мүмкін деп қауіптенеді. Дегенмен Nvidia әзірге ешқандай құпия ақпараттың сыртқа тарағанын растамады. Компания осы жағдайды тексеру үшін тәуелсіз тергеу бастады. Ал Хуанг қызметінен кетпейтінін мәлімдеді.

"Директорлар кеңесі АҚШ-тың ұлттық және экономикалық қауіпсіздігін басты назарда ұстайды. Бұл – Nvidia мен оның акционерлері үшін аса маңызды мәселе. Қазіргі уақытта ұлттық қауіпсіздікке немесе компанияның құпия деректеріне нұқсан келгеніне күмәндануға негіз жоқ. Дегенмен кеңес тағайындаған тергеу қолда бар барлық ақпаратты жан-жақты тексереді", – делінген компания хабарламасында.

Хуангтың Қытай тыңшысы болуы мүмкін әйелмен көңілдес болғаны туралы алғаш болып The New York Times басылымы жазды. Басылымның мәліметінше, Nvidia басшысы Элис Хуанг есімді әйелмен жақын қарым-қатынаста болған. Тегі бірдей болғанымен, екеуі туыс емес.

Элис Хуанг Сингапурдағы Megaspeed компаниясымен байланысты. Бұл компания деректер орталықтарын басқарады және Nvidia-дан чип сатып алады.

The New York Times дереккөздерінің айтуынша, АҚШ арнайы қызметтері әйелді бір жылдан астам уақыт бақылаған. Тексеру барысында оның Дженсен Хуангпен хат алмасып жүргені анықталған. Барлау қызметкерлері олардың арасында романтикалық байланыс болған деп есептеген. Сондай-ақ америкалық арнайы қызметтер Элис Хуанг Қытай үкіметінің тапсырмасын орындаған деген күдікке келген.

Ал Financial Times басылымы америкалық барлау қызметтерінің дерегіне сүйеніп, әйелді Қытайдың мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі өз қатарына тартқанын жазды. Басылымның хабарлауынша, АҚШ арнайы қызметтері Хуанг пен Элис Хуангтың қарым-қатынасы туралы арнайы баяндама да дайындаған. Бұған дейін екеуінің бірге түскен суреттері әлеуметтік желілерде тараған. Шамамен бір жыл бұрын Элис Хуангқа қатысты бақылау нәтижелері АҚШ президенті Дональд Трампқа да баяндалған.  

“Қарым-қатынасымыз тек жұмысқа қатысты”

Бұл ақпарат Трамптың Бейжіңге сапары мен Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен кездесуінің алдында АҚШ-тың жоғары лауазымды шенеуніктеріне жеткізілген. Әзірге Элис Хуангтың Қытайға қандай ақпарат бергені, оның қаншалықты маңызды болғаны және әйелдің ақпарат жинауды қашан бастағаны белгісіз.

Ал Қытай тарапы тыңшылық туралы айыптауларды жоққа шығарып, оларды "негізсіз жорамал" деп атаған. Бұған дейін Дженсен Хуанг Bloomberg басылымына берген сұхбатында Элис Хуангпен байланысы тек жұмысқа қатысты болғанын айтқан. Оның сөзінше, екеуінің Megaspeed компаниясымен байланысты қалыпты іскерлік қарым-қатынасы болған.

"Біздің қарым-қатынасымыз бен байланысымыз Megaspeed компаниясына қатысты болды. Онда ешқандай оғаш немесе әдеттен тыс жағдай болған жоқ", – деген еді ол.

Алайда осы демалыс күндері Nvidia басшысы әйеліне опасыздық жасағанын мойындап, бұл әрекеті үшін толық жауапкершілікті өз мойнына алатынын мәлімдеді.

"Мен әйеліме опасыздық жасадым. Бұл әрекетім оған да, балаларымызға да ауыр тиді. Менің істегенімді ақтайтын ешқандай себеп жоқ. Олардан шын жүректен кешірім сұраймын", – деп жазды Дженсен Хуанг.

Сондай-ақ ол Nvidia директорлар кеңесі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған ұлттық қауіпсіздікке қатысты күмәндерді тексеру үшін тәуелсіз тергеу бастағанын айтты. Хуанг тергеуді қолдайтынын және онымен толық ынтымақтасатынын жеткізді.

"Мен өз елімді және компаниямызды жақсы көремін. Nvidia-ны қорғауға және АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігін қолдауға ниеттімін. Америкалық болғанымды мақтан тұтамын және осы мүмкіндігім үшін ризамын", – деді ол.

Nvidia – жасанды интеллектіні дамытуға қажетті чиптер шығаратын әлемдегі ең ірі компаниялардың бірі. Нарықтық құны 4,5 триллион долларға жеткен компанияны Дженсен Хуанг 30 жылдан астам уақыт басқарып келеді.

Бастапқыда Nvidia компьютер ойындарына арналған чиптер шығарған. Алайда Хуанг жасанды интеллектінің болашағын ерте болжап, осы бағытқа басымдық берген. Соның арқасында компания әлемдегі ең қымбат компаниялардың біріне айналды.

Қазір АҚШ пен Қытай жасанды интеллект саласында бәсекелесіп отыр. Сондықтан Вашингтон Nvidia чиптерінің Қытайға сатылуын шектеген. Дегенмен биыл қаңтарда Трамп әкімшілігі белгілі бір шарттармен H200 чиптерін Қытайға жеткізуге рұқсат берді.

Гүлсезім Мұхатай
Дүйсенбі, 09 Қараша, 2026 09:35