Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Краковтағы атыс: шабуыл жасаған ер адам алдымен ата-анасы мен әпкесін өлтірген

күдікті
Фото: Centralasia.media

Польшадағы Краков қаласында адамдарға оқ атқан 24 жастағы ер адам бұған дейін өз отбасын өлтірген. Оның үйінен ата-анасы мен әпкесінің мәйіті табылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі rmf24 cайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

 

Краковтағы қанды оқиға

7 қарашада Краков қаласы орталығындағы базарда 24 жастағы Польша азаматы Михал О. Subaru көлігімен келіп, адамдарға автоматты қарудан оқ атқан.

Польша билігінің жаңартылған мәліметінше, шабуыл салдарынан алты адам қаза тауып, тағы 16 адам жараланған. Зардап шеккендердің арасында шетел азаматтары да бар.

Полиция шабуыл басталғаннан бірнеше минут өткен соң күдіктіні тоқтатқан. Атыс кезінде ол жараланып, ауруханаға жеткізілген. Екі полиция қызметкері де ауыр жарақат алған. Олардың аты-жөні – Якуб Кулик пен Артур Мораньски.

Аға полиция қызметкері Якуб Куликтің жағдайы аса ауыр. Ол бірнеше оқ жарақатын алған. Қазір ауруханада өмірі үшін күресіп жатыр. Полицейге көмек көрсету үшін AB Rh+ қан тобындағы донорларды қан тапсыруға шақырған.

Екінші қызметкер Артур Мораньски де жараланған. Польша премьер-министрі Дональд Туск екі полицейдің де жағдайы ауыр екенін айтып, олардың әрекетін жоғары бағалады.

Шабуыл жасаған ер адам отбасын өлтірген

Құқық қорғау органдары күдіктінің Островец-Свентокшиский қаласындағы үйін тінту кезінде оқ жарақатынан көз жұмған екі әйел мен бір ер адамның мәйітін тапқан.

Польша премьер-министрі Дональд Туск пен Ішкі істер министрлігі қаза тапқандардың күдіктінің анасы, әкесі және әпкесі екенін растады.

Күдікті туралы не белгілі?

Күдікті Михал О. токарь болып жұмыс істеген. Әскери қызметке қатысы болмаған. Шабуыл кезінде үстіне камуфляж күртесін киген.

Ол адамдарға AR-15 карабинінің азаматтық нұсқасынан оқ атқан. Күдікті атыс клубының мүшесі болған және екі қаруды заңды түрде сақтауға рұқсаты болған.

Ал шабуыл кезінде мінген Subaru көлігі мен қолданған қарудың бір бөлігі оның 52 жастағы әкесінің атына тіркелген. Әкесінің атына спорттық және аңшылық мақсаттағы 11 қару рәсімделген.

Польша Ішкі істер министрі Марцин Кервиньскийдің айтуынша, күдікті жалғыз әрекет еткен және әсіре оңшыл радикалды көзқарасты ұстанған.

Прокуратура оған жаппай адам өлтіру және терроризм баптары бойынша айып тағуға дайындалып жатыр. Оқиғаға байланысты Польшада ұлттық аза тұту жарияланған.

Іс терроризм белгілері бойынша тергеліп жатыр

8 қарашада Польша прокуратурасы Краковтағы атысқа қатысты тергеуді терроризм белгілері бар қылмыс ретінде бастады. Прокурорлар әзірге алты адам өлімі бойынша айып тағуды көздеп отыр. Егер күдіктінің отбасы мүшелерінің өліміне де қатысы дәлелденсе, айып саны тоғызға дейін артуы мүмкін.

Польшада 8 және 9 қараша күндері ұлттық аза тұту жарияланды. Краков қаласында да қаралы күндер белгіленді.

Айта кетейік, бұған дейін Польшада ер адам көшеде оқ жаудырып, салдарынан 6 адам қаза тапқаны туралы жазған едік. Краков қаласының орталығында 24 жастағы ер адам кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдарға оқ жаудырған. Салдарынан алты адам қаза тауып, тағы 16 адам жараланған. Зардап шеккендердің арасында екі полицей мен шабуыл жасаған ер адамның өзі де бар.

Нұрила Жұмаділлә
Жексенбі, 08 Қараша, 2026 17:16