Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтау көшелерін толассыз жаңбырдан соң су басты

су
Фото: Видеодан скрин

Ақтауда толассыз жауған жаңбырдан кейін бірнеше көшені су басты. Кейін  коммуналдық қызметтер жолдарда жиналған суды сорып тастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Желіде Ақтау көшелерінде жаңбырдан кейін түсірілген фото-видеолар пайда болды. Кадрдан көшелерде толған су мен суға батқан көліктерді көруге болады.

“Неге осындай әдемі Ақтау қаласында жаңбыр суы ағатын арықтар мен су ағызатын жүйелер жоқ?”, – деп жазған тұрғындардың бірі. 

Қала әкімдігінің мәліметінше, әкім Мақсат Мұқаштың тапсырмасымен су басқан аумақтарға арнайы техника мен жұмысшылар жұмылдырылған. Су сору жұмыстары 17 және 18А шағынаудандарының қиылысында, “Хазар” базары маңында, 29 және 29А, 13 және 15, 11 және 14 шағынаудандарының арасындағы жолдарда жүргізілген.

Жұмысқа 20-ға жуық арнайы техника мен 50-ге жуық жұмысшы тартылған. Қаладағы жағдай жауапты қызметтердің бақылауында. Су сору және жолдарды тазалау жұмыстары жалғасып жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін Теміртауда жаңбыр жауып, қаланың кей көшелерінде үлкен шалшықтар пайда болған еді. Тұрғындар қолайсыз ауа райының салдарын видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялаған. Кадрдан кей учаскелерде жиналған судың көлік қозғалысына кедергі келтіргені көрінеді. Тұрғындардың айтуынша, қолайсыз ауа райының салдары қаланың бірнеше бөлігінде байқалған.

Нұрила Жұмаділлә
Жексенбі, 08 Қараша, 2026 15:25