Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан құрамасы өрт сөндіру спортынан әлем чемпионатында топ жарып, рекорд орнатты

ерлер

Фото: gov.kz

Қазақстанның ерлер құрамасы Бакуде өткен өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша әлем чемпионатында алтын медаль иеленіп, әлемдік рекорд орнатты. Спортшылар “Жауынгерлік қанат жаю” дисциплинасында үздік нәтиже көрсетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әлем чемпионатының соңғы күнінде ерлер арасында XXI, әйелдер арасында XII әлем біріншілігінің бағдарламасына енген жауынгерлік қанат жаю жарысы өтті. Қазақстан құрамасы Моңғолия мен Өзбекстан спортшыларынан озып, бірінші орынға ие болды.

Моңғолия құрамасы 25,08 секунд нәтижесімен күміс медаль алса, Өзбекстан спортшылары 25,45 секунд көрсеткішпен қола жүлдегер атанды.

команда
Фото: gov.kz

Қазақстанның ерлер құрамында Аңсар Шамшоллаев, Назарбек Ануарбеков, Абай Қонысбаев, Дінмұхамед Әбілбаев, Петр Подгородецкий, Дмитрий Савон және Ильдар Избасаров өнер көрсетті.

Әйелдер арасындағы жарыста Ресей құрамасы 23,79 секунд нәтижесімен әлемдік рекорд орнатып, алтын медаль жеңіп алды. Беларусь спортшылары 23,92 секунд көрсеткішпен екінші орынға тұрақтаса, Қазақстан құрамасы 25,41 секунд нәтижемен қола жүлдеге ие болды.

Қазақстан атынан Алла Серікханова, Айдана Байтикова, Ситора Реджеметова, Оксана Дзолба, Регина Аленина, Кристина Подгородецкая және Валентина Салмина өнер көрсетті.

команда
Фото: gov.kz

Төрт күнге созылған чемпионатта спортшылар төрт дисциплина бойынша бақ сынады. Жарыс қорытындысында Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамалары жалпыкомандалық есепте үшінші орын алды.

Ерлер арасында Ресей құрамасы бірінші, Беларусь екінші орынға ие болды. Әйелдер арасындағы жалпыкомандалық есепте де осы елдердің спортшылары үздік үштікті түйіндеді.

Осылайша, Қазақстан құрамасы әлем чемпионатын ерлер арасындағы жарыста алтын медаль және әлемдік рекордпен аяқтады. Әйелдер құрамасы осы дисциплинада қола жүлде иеленді. Сонымен қатар екі құрама да жалпыкомандалық есепте үшінші орынға тұрақтады.

Нұрила Жұмаділлә
Жексенбі, 08 Қараша, 2026 10:18