АҚШ Иранның ядролық бағдарламасы туралы айтқан адамға миллиондаған доллар сыйақы ұсынбақ
АҚШ Иранның ядролық бағдарламасын тоқтатуға көмектесетін ақпарат үшін 20 миллион долларға дейін сыйақы жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі CNN басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
АҚШ Мемлекеттік департаменті “Әділдік үшін сыйақы” (Rewards for Justice, RFJ) бағдарламасы аясында Иранның ядролық нысандары, жабдықтары және осы бағдарламаға қатысы бар мамандар туралы құнды ақпарат бергендерге 20 миллион долларға (8,9 миллиард теңге) дейін төлеуге дайын. Мұны АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) X әлеуметтік желісінде хабарлады.
Сонымен қатар ақпарат берген адамдарға басқа елге қоныс аудару мүмкіндігі ұсынылуы мүмкін.
Биыл АҚШ пен Израиль Иранның ядролық нысандарына соққы жасады. Бұған Тегеранның ядролық бағдарламасының сипатына қатысты алаңдаушылық себеп болған. Иран билігі болса, атом бағдарламасының бейбіт мақсатты көздейтінін мәлімдеп келеді.
CNN мәліметінше, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның ядролық бағдарламасы толық жойылғанын бірнеше рет мәлімдеген. Вашингтон Иранның ядролық қару жасауына жол бермеуді соғыстағы басты мақсаттарының бірі деп санайды.
АҚШ Орталық қолбасшылығының хабарлауынша, Иранда центрифугалар сияқты маңызды жабдықтар туралы мәліметтер жоғалған. Олардың өндірісі мен қоры жөніндегі ақпарат толық сақталмаған. Бұған МАГАТЭ талаптарының орындалмауы себеп болғаны айтылды.
Осы аптада Дональд Трамп АҚШ Ирандағы Пикакс тауына соққы жасауы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл жерде жерасты нысаны бар деп болжанып отыр. Израиль тарапының пікірінше, онда байытылған уран мен заманауи центрифугалар сақталған.
Ал Тегеран АҚШ-тың Иранның ядролық нысандарына шабуыл жасауын соғысты одан әрі ушықтыру деп бағалайтынын ескертті. Иран билігі елдің атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануға құқығы бар екенін мәлімдеді.
Баланы бұрышқа тұрғызу тәрбие ме, әлде психологиялық зорлық па