Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ҚазҰУ-да журналистика факультетінің бірінші курс студенті көз жұмды: Полиция тергеу бастады

Қазұу

Алматыдағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің бірінші курс студенті қаза тапты. Әзірге оқиғаның нақты себебі белгісіз. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ulysmedia басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Алматы қалалық полиция департаменті әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің бірінші курс студенті көз жұмғанын растады. Қыздың өліміне қатысты тергеу басталған. 

"Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге деректері жария етілмейді", – деп хабарлады Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Оқиғаның мән-жайы

Бұған дейін Ulysmedia.kz басылымы өз дереккөзіне сілтеме жасап, қайғылы оқиға 6 қараша күні кешке әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттер қалашығында болғанын хабарлаған. Қаза тапқан қыз журналистика факультетінің бірінші курсында оқыған. Ол Шымкенттен білім алу үшін Алматыға келген деген болжам бар. Әзірге бұл деректер расталмады. 

Түнде студенттер қалашығында полиция қызметкерлері мен университет өкілдері жүрген. Жатақхана тұрғындарына бөлмелерінен және балконға шығуға рұқсат берілмеген.

Қыздың өлімінің нақты себебі әзірге белгісіз. Студенттер арасында суицид болуы мүмкін деген болжам талқыланып жатыр. Басылымға сұхбат берген дереккөздің айтуынша, білім алушылардан оқиға туралы хабарламаларды топтық чаттардан өшіру сұралған. Оларға хат алмасулар тексерілуі мүмкін екені айтылған.

Назархан Уән
Сенбі, 07 Қараша, 2026 15:18