Меладзенің концертіндегі төбелес: Полиция үш әйелді анықтады
Алматы полиция департаменті Валерий Меладзенің концерті кезіндегі жанжалға қатысты үш адамды ұстаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Полиция дерегіне сәйкес, іс-шара барысында көрермендер арасында жанжал туындаған. Оларды қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері концерт өтетін алаңнан сыртқа шығарған. Бірақ концерт тоқтатылған жоқ және штаттық режимде жалғасты.
“Тексеру нәтижесінде оқиғаға қатысқан үш әйел анықталды. Олардың екеуі Алматы облысының тұрғындары. Біреуі сот шешімімен 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Екіншісіне қоғамдық орында алкогольдік масаң күйде жүргені үшін айыппұл салынды. Ал Тараз қаласының тұрғынына қатысты ұсақ бұзақылық дерегі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Материал сотқа жолданды”, – делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында концерттің тоқтатылғаны туралы шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат жарияланғаны анықталды. Instagram аккаунтының иесі анықталып, оған жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік айыппұл салынды.
Полиция қоғамдық тәртіпті бұзғаны және көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік көзделгенін еске салады.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда ресейлік әнші Валерий Меладзенің концерті жанжалға ұласқан еді. Сахна алдында бірнеше әйелдің ерегісіп, бір-бірін итеріп жатқанын байқаған өнер иесі әнін тоқтатып, егер олар жанжалды доғармаса, концертті бірден аяқтайтынын ескерткен.
Баланы бұрышқа тұрғызу тәрбие ме, әлде психологиялық зорлық па