"Масқара": Алматыда Валерий Меладзенің концертінде әйелдер төбелес шығарып, әнші сахнадан кетпек болды
Алматыда ресейлік әнші Валерий Меладзенің концерті жанжалға ұласты. Сахна алдында бірнеше әйелдің ерегісіп, бір-бірін итеріп жатқанын байқаған өнер иесі әнін тоқтатып, егер олар жанжалды доғармаса, концертті бірден аяқтайтынын ескертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға 4 қарашада Almaty Arena кешенінде болған. Әнші Алматыда екі күн қатарынан, 3 және 4 қарашада концерт берді.
Куәгерлердің айтуынша, концерттің аяқталуына шамамен 10–15 минут қалғанда екі әйел көпшіліктің арасынан сахнаға жақындауға тырысқан. Олар алдыңғы қатарда тұрған көрермендерді итеріп, өтуге әрекет жасаған. Соңы сөзге келіп, жаға жыртысуға ұласқан.
Сахна маңындағы шуды байқаған Валерий Меладзе әнін кілт тоқтатып, жанжалдасқан әйелдерге ескерту жасады.
“Тоқтаңдар, тоқтаңдар! Неге бір-біріңді итеріп жатырсыңдар? Міне, бүкіл концерттің шырқын бұздыңдар. Ол бұзақыға ұқсамай ма? Ұқсайтын сияқты... Негізі концерт осымен аяқталды”, – деді әнші.
Осы сөздерден кейін өнер иесі сахнадан кетуге оқталған. Алайда залдағы көрермендер шулап, одан концертті жалғастыруды сұраған.

Меладзе көпшіліктің өтінішін қабыл алғанымен, тәртіп бұзылған жағдайда өнер көрсетуін бірден тоқтататынын ескертті.
“Егер біреудің басқа адамға саусағының ұшын тигізгенін көрсем, концертті сол сәтте тоқтатамын”, – деді ол.
Куәгерлердің сөзінше, жанжалға күзет қызметкерлері араласып, тәртіп бұзған әйелдерді залдан шығарған. Бұдан кейін әнші өнер көрсетуін жалғастырып, әнін соңына дейін орындаған.
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіге тарап, көпшіліктің наразылығын туғызды. Желі қолданушылары концерттің шырқын бұзған әйелдердің әрекетін сынға алып, әншінің алдында ұятқа қалғандарын жазды.
“Неткен масқара! Әншінің алдында ұят болды”, “Концерт керемет өтті. Бірақ сол әйелдердің әрекеті бүкіл әсерді бұзды”, “Демалуға келіп, неге жанжал шығарады?”, “Меладзенің көңілі түсіп кеткені көрініп тұрды”, “Ересек адамдар қашан мәдениетті болуды үйренеді?” – деп жазды желі қолданушылары.
Кейбір куәгерлер жанжал шығарған әйелдердің мас болуы мүмкін екенін болжады. Алайда бұл ақпарат ресми түрде расталмаған.
Айта кетейік, Валерий Меладзенің Алматыдағы екі концертіне де билеттер толық сатылған. Желі қолданушылары болған келеңсіздікке қарамастан, әншінің өнеріне жоғары баға беріп, концерттен ерекше әсер алғандарын жеткізді.
Бір жыл бұрын салынады делінген 3,5 миллиард теңгелік футбол академиясының құрылысы әлі басталмаған: Тараз әкімдігі себебін түсіндірді