Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда 2026–2027 оқу жылында бір студентті оқытуға қанша қаржы бөлінеді

Грант
Фото: Fotodom

Қазақстанда 2026–2027 оқу жылында бір студентті мемлекеттік грантпен оқытуға жылына 803,9 мың теңгеден 1,2 миллион теңгеге дейін қаржы бөлінеді. Оның нақты көлемі мамандыққа және университеттің мәртебесіне байланысты. Мәселен, медицина бағытына бөлінетін қаражат әлеуметтік ғылымдар мен журналистика саласына қарағанда көбірек. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Мемлекет жоғары оқу орындарына әр студентті оқыту үшін белгілі бір мөлшерде қаржы бөледі. Оның көлемі білім беру бағытына қарай белгіленеді. Мысалы, әлеуметтік ғылымдар, журналистика, бизнес, басқару және құқық салаларында бір студентті оқытуға жылына 803 900 теңге қарастырылған. Ерекше мәртебесі бар университеттерде бұл көрсеткіш 905 800 теңгеге дейін жетеді.

Педагогикалық бағытта бір студентке 1 008 000 теңге бөлінеді. Ал ерекше мәртебесі бар жоғары оқу орындарында бұл сома 1 139 200 теңгені құрайды.

Өнер және гуманитарлық ғылымдар саласында оқу құны 1 055 900 теңгеден басталады. Ерекше мәртебесі бар университеттерде ол 1 209 300 теңгеге дейін жетеді.

Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, инженерлік және құрылыс бағыттарында бір студентті оқытуға 1 009 600 теңге бөлінеді. Ветеринария саласында бұл сома 1 089 300 теңге болса, медицинада 1 218 300 теңгені құрайды.

2026–2027 оқу жылына қанша грант бөлінді?

Жаңа оқу жылына Қазақстанда барлығы 89 457 мемлекеттік білім беру гранты қарастырылған. Оның 75 371-і бакалавриатқа, 11 007-сі магистратураға, 3 079-ы докторантураға бөлінді.

Гранттардың басым бөлігі инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына берілді – 16 674 орын. Педагогикалық ғылымдарға 12 228, ақпараттық-коммуникациялық технологияларға 10 387, жаратылыстану ғылымдары мен математикаға 9 188 грант қарастырылған.

Ауыл шаруашылығы және биоресурстар бағытына 2 515, қызмет көрсету саласына 2 170, өнер және гуманитарлық ғылымдарға 1 915 грант бөлінді. Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат саласына 1 485, бизнес, басқару және құқық бағытына 1 423 грант қарастырылған.

Осылайша, мемлекеттік гранттардың басым бөлігі елге инженерлік-техникалық, IT және педагогикалық мамандар даярлауға бағытталған.

Бос қалған гранттар қалай бөлінеді?

Негізгі конкурс аяқталғаннан кейін бос қалған мемлекеттік гранттар студенттер арасында қайта бөлінеді. Конкурс аралық аттестаттау нәтижесі мен GPA орташа балына қарай өткізіледі. Гранттарды бөлу туралы шешімді республикалық комиссия қабылдайды.

Ал магистратураға негізгі қабылдау кезінде игерілмей қалған гранттар қысқы қабылдау кезеңінде конкурсқа ұсынылады.

Бұдан бөлек, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанда шетелдік жоғары оқу орындарының 33 өкілдігі жұмыс істеген. Олардың қатарында шетелдік университеттердің филиалдары, серіктес жоғары оқу орындары және бірлескен білім беру бағдарламалары бар. Алдағы уақытта Қазақстанда тағы бірнеше шетелдік университеттің филиалын ашу жоспарланып отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандық ғалымдар докторантурадағы талаптарға наразылық білдірген болатын.  Себебі, Scopus-қа мақала шығару үшін жас ғалымдар 1,5 миллион теңге төлеуге тиіс екенін айтты.

Айнура Дарибаева
Бейсенбі, 05 Қараша, 2026 16:42