Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда адамның сусынына жасырын қауіпті зат қосқандарға қылмыстық жаза енгізу ұсынылды

сусынға қауіпті зат қосу
Фото: magnific.com

Қазақстанда адамның тамағына немесе сусынына өзінен жасырын түрде қауіпті зат қосқандарға арнайы қылмыстық жаза енгізілуі мүмкін. Құрылтай депутаты Айжан Аймағанова мұндай әрекеттің соңы басқа қылмысқа ұласпаса да, оны жеке құқық бұзушылық ретінде қарастыру қажет екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Депутат бұл мәселені Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке жолдаған сауалында көтерді. Оның айтуынша, спайкинг деп аталатын әрекет кезінде адамның тамағына немесе сусынына есірткі, психотроптық не басқа да күшті әсер ететін заттар келісімінсіз қосылады. Мұндай жағдайда жәбірленуші есін басқара алмай, айналасында не болып жатқанын түсінбей қалуы мүмкін. Ал кейбірі тіпті өзіне жасалған әрекетке қарсылық көрсете алмайды.

Аймағанова спайкингті жыныстық зорлық-зомбылық, тонау сияқты қылмыстарға жол ашатын қауіпті тәсілдердің бірі деп атады. Бірақ мәселе мұнымен шектелмейді. Депутаттың пікірінше, адамға оның келісімінсіз қауіпті зат берудің өзі қылмыс деп танылуы керек. Өйткені қазіргі заңнамада мұндай әрекеттен кейін ауыр зардап туындамаса немесе өзге қылмыс жасалмаса, жауапкершілікке тарту мәселесі толық шешілмеген.

Осы олқылықты жою үшін депутат спайкингке қатысты жеке қылмыстық жауапкершілік белгілеуді ұсынды.

"Мұндай әрекеттерге құқықтық баға беру үшін ауыр зардаптың болуын немесе басқа қылмыстың жасалуын күтудің қажеті жоқ. Адамның келісімінсіз оған қауіпті зат енгізудің өзі жеке құқық бұзушылық ретінде танылып, қылмыстық жауапкершілікке негіз болуы керек", – деді Аймағанова.

Сонымен қатар ол Ішкі істер министрлігіне спайкингтің елде қаншалықты таралғанын анықтап, оның себептері мен салдарын зерттеуді тапсырма ретінде ұсынды. Мұндай істерді тергеу кезінде жәбірленушінің ағзасындағы заттарды анықтау үшін токсикологиялық сараптама жүргізу, дәлелдерді жоғалтпай сақтау тәртібі де қажет екенін айтты. Полиция мен медицина ұйымдары арасында жедел байланыс орнатып, зардап шеккендерге уақыт оздырмай көмек көрсету мәселесін де көтерді.

Еске салсақ, бұған дейін Қызылорда облысында жасөспірім өгей әкесінің ағасы өзіне ұйықтататын дәрі беріп, зорлап келді деп айыптаған болатын. Қыздың айтуынша, ер адам оған белгісіз дәрі беріп, оның ұйықтағанын күткен. Содан кейін арам ойын іске асырған. 

Гүлсезім Мұхатай
Сәрсенбі, 25 Қараша, 2026 17:37