Алматыда тұмылдырықсыз жүрген ит екі әйелдің жанжалына себеп болды: Дау сотқа дейін жетті
Алматыда итін серуендетіп жүрген әйел мен ҚазҰУ оқытушысы арасында жанжал шықты. Оқиғаға шпиц тұқымды иттің тұмылдырықсыз жүруі себеп болған. Екі тарап болған жағдайға қатысты бір-біріне қайшы мәлімдеме жасап, өз нұсқаларын жариялады. Қазір оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тұрғын бар жағдайды Threads парақшасында баяндады. Оның жазуынша, оқиға былтыр 27 тамызда, үйлену тойы өтетін күні болған. Бәрі оқытушының тұрғынның шпиц тұқымды итіне ескерту жасауынан басталыпты.
“Мұны жай ескерту деуге келмейді. Ол оқытушы маған бұйрық бергендей дауыспен айғайлап, итіме тұмылдырық кигізуді талап етті. Оның үстіне, біз олардан 2-3 метр қашықта өз шаруамызбен жүрген едік. Ал итім өзіммен ойнап жүрген. Әйелдің сөзіне аса мән бермей, өз жолымен кете беруін сұрадым. Осыдан кейін оқытушының анасы да дөрекі дауыспен итіме тұмылдырық кигізуді бұйырды. Сосын сөзге келіп қалдық”, – деп жазды тұрғын.
Оның үстіне ол дәл сол күні үйлену тойына дайындалу үшін шаштараз бен визажистке баруы керек болғанын жазды. Сондықтан жанжалды жалғастырмай, оқиға орнынан кетіп қалған. Алайда оқытушы телефонын қосып, видеоға түсіруді жалғастырған. Онымен қоймай соңынан еріп отырған.
“Оған үйлену тойым болатынын, жанжалға уақытым жоқ екенін айтып, мазаламауын өтіндім. Бірақ ол видеоға түсіруді тоқтатпады. e-Otinish арқылы шағым түсіру үшін видеоға түсіріп жатқан шығар деп ойладым. Итті қарғыбаусыз серуендеткенім үшін айыппұл салса, төлей саламын. Бірақ іс дәл осылай насырға шабатынын білмедім”, – дейді тұрғын.
Тұрғын біраз уақыттан кейін сол жолмен кері қайтып келе жатқан. Сол сәтте оқытушы оларды қайтадан видоеға түсіре бастаған. Бұл жолы ол телефонды әйелдің бетіне тақап, түсіруді жалғастырған.
“Видеоға түсірмеуін және бізді мазаламауын өтінген едім. Десе де сөзімді елемеді. Керісінше, жанжалды одан әрі ушықтыруға тырысты. Оның телефонын бетімнен әрі қарай ысырып жібердім. Сол кезде ол: “Иә! Иә! Телефонымды сындыр, маған өтемақы төлейсің!” деп айтты”, – деп жазды тұрғын.
Сонымен қатар әйел оқытушының арызында итінің оның қызына үргені жазылғанын айтты. Алайда ол бұл мәліметті жоққа шығарып, оқиғаны бұрмалап көрсетіп отырғанын мәлімдеді. Оған қоса әйел бұл істе өзін кінәлі деп санамайтынын жеткізді.
Тұрғынның анасы президентке үндеу жасады
Тұрғынның анасы да желіде үндеу жасап, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады.
“Биыл 27 тамызда қызым Лимара Шәкірова өзіміз тұратын “Тера” тұрғын үй кешенінің маңында итін серуендетіп жүрген. Сол кезде оған ҚазҰУ оқытушысы, адвокаттар алқасының мүшесі тиісіп, жанжал шығарған. Ол қызымнан неміс шпиціне тұмылдырық кигізуді бұйыра талап еткен. Осыдан кейін екеуінің арасында келіспеушілік болған. Кейін оқытушы отбасымен бірге қызыма тиісіп, әкесі мен анасы да жанжалға араласқан. Тіпті інісі де сол жерге келген. Осылайша олар қызымды негізсіз қорлап, істі сотқа жеткізіп отыр”, – деп айтты әйел.
Әйелдің айтуынша, бастапқыда қызына қатысты іс денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру бабы бойынша тергелген. Алайда сот отырысына екі-үш күн қалғанда іс басқа бапқа ауысқан.
“Бастапқыда қызымның ісі Қылмыстық кодекстің 108-бабының 1-бөлігі (Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) бойынша қаралған еді. Алайда осыдан екі-үш күн бұрын бізге ескертпестен, істі 293-бапқа қайта саралаған. Енді қызымды қоғамдық тәртіпті бұзып, қарсы тараптың отбасына шабуыл жасады деп айыптап отыр. Істі сот басталардан бірнеше күн бұрын қандай негізде қайта саралағаны түсініксіз”, – дейді қыздың анасы.
Оның сөзінше, оқытушының туған ағасы Қонаев қаласы прокурорының орынбасары болғандықтан, бұл іске оның қызметтік байланыстары әсер етуі мүмкін.
“Арызымыз қабылданбайды. Ал куәларымыздың жауабы ескерілмейді. Бостандық аудандық полиция басқармасы тек қарсы тараптың мүддесін қорғап отыр. Себебі оқытушының туған ағасы прокурор. Сол прокурор прокуратура қызметкерлеріне, басшысынан бастап орынбасарларына дейін қысым көрсетіп отыр деп есептеймін”, – дейді әйел.
Әйелдің сөзінше, қызын алты айдан екі жылға дейін соттауы мүмкін. Осылай деген әйел істің әділ тергелмей жатқанын айтып, президенттен көмек сұрады.
Оқытушы не айтты?
Оқытушының өзі жағдайға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, барлық материал нотариус арқылы ресми түрде тіркелген. Сонымен қатар ол бірнеше бап бойынша арыз бен ар-намысы мен қадір-қасиетін, іскерлік беделін қорғау туралы талап арыз дайындап жатқанын мәлімдеді.
"Сіздер БАҚ арқылы шу шығарып, судан құрғақ шықпақсыздар ма? Бәрі нотариус арқылы ресми түрде тіркелген. Қылмыстық кодекстің 147-бабы 5-бөлігі (Жеке өмiрге қолсұғылмаушылықты және Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу) және 423-бабы (Сотқа дейінгі іс жүргізудің немесе жабық сот талқылауының деректерiн жария ету), Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-3-бабы бойынша, ар-намысымды, қадір-қасиетімді және іскерлік беделімді қорғау туралы талап арыз дайындап жатырмын. Бұдан әрі тек құқық алаңында әрекет етеміз", – деп жазды оқытушы.

Университет тарапы не дейді?
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті оқиғаға қатысты басқа нұсқа ұсынды. Оқытушының айтуынша, ит оның баласын шошытқан. Сонымен қатар ол итке тұмылдырық емес, қарғыбау тағуды сұрағанын мәлімдеген.
“Алматы қаласы полиция департаментінің мәліметінше, тұрғынға қатысты Қылмыстық кодекстің 293-бабы (Бұзақылық) бойынша қылмыстық іс қозғалған. Оқытушының арызында жазылғандай, ол баласын шошытқан итке қарғыбау тағуды сыпайы түрде өтінген. Алайда Шакирова оған соққы беріп, иттің нәжісін лақтырып, балағаттаған”, – делінген жауапта.
Осылайша, жанжалға қатысқан екі тарап оқиғаның неден басталғаны мен қалай өрбігенін екі түрлі сипаттап отыр.
Оқытушының өз нұсқасы түсірілген видео да тарады
Кейін әлеуметтік желіде ҚазҰУ оқытушысының оқиғаға қатысты өз нұсқасын баяндаған видеосы тарады. Жаңа видео мен өзге де куәліктер жанжалдың қалай болғаны туралы бұрын айтылған мәліметтерге күмән тудырды. Дегенмен оқиғаның барлық мән-жайын сот анықтайды.
Университет тарапы өзі берген пікірді өшіріп тастаған
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті бұған дейін тұрғынның Threads-тегі жазбасына пікір қалдырған еді. Алайда кейін бұл жауапты жазбаның астынан өшіріп тастаған. Мұны тұрғынның өзі желіде жазды.
“Неге пікірді өшіріп тастадыңыздар? Жаңа ғана Бостандық аудандық полиция басқармасында болдым. Оқытушы мен оның әкесіне қатысты Қылмыстық кодекстің 109-бабы (Ұрып-соғу) бойынша іс қозғалған. Алайда іс алға жылжымай отыр. Ал маған қатысты іс сотқа жіберіліп қойды. Екі тарап та жанжал болған күні арыз жазған еді. Бірақ қазір бәрі біржақты жүріп жатыр”, — деп жазды тұрғын.
Айта кетейік, бұған дейін Әлеуметтік желіде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысына студенттердің көзінше жұмыстан шығарылғаны хабарланған.
Қазақстандықтар Pinduoduo-дан дәретхана қағазына дейін алатын болған: Бұл отандық кәсіпкерлерге қалай әсер етеді