Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда балаларға туған бауырларымен дің жасушаларын бөлісуге рұқсат берілмек

донор
Фото: Pexels

Құрылтай депутаттары денсаулық сақтау саласына қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Жобадағы өзгерістердің бірі балалар арасында қан түзуші дің жасушаларын трансплантациялауға қатысты болды.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, бұған дейін кәмелетке толмаған балалардың туған бауырларына дің жасушаларын беруіне қатысты заңда нақты тәртіп болмаған.

“Мәселен, отбасындағы бір бала ауырып қалса, оның туған бауыры донор бола алады. Ол үшін арнайы зерттеу жүргізіліп, жасушалардың генетикалық тұрғыда сәйкес келетіні анықталуы керек. Ата-анасы да, баланың өзі де келісім берсе, қан түзуші дің жасушаларын трансплантациялауға болады”, – деді Сұлтанғазиев.

Вице-министр донордан дің жасушаларын алу үшін ағзасын алып тастаудың қажеті жоқ екенін түсіндірді.

“Бұл ағза емес, сондықтан рәсім де жеңілірек. Баланың көктамырынан қан алынып, қажетті жасушалар бөлініп алынады. Қалған қан донордың ағзасына қайта жіберіледі. Бұған дейін бізде мұны жүзеге асырудың құқықтық тетігі болмаған, енді оны заңмен бекітпекпіз”, – деді ол.

Әзірге заң жобасы бірінші оқылымда ғана мақұлданды. Түзетулер қабылданса, қатерлі қан ауруына шалдыққан балаларды емдеу үшін кәмелетке толмаған туған бауырларының да дің жасушаларын пайдалануға мүмкіндік туады.

Еске салсақ, бұған дейін жүрегін ауыстырған қазақстандық өз донорын түсінде көріп, қызына сәлемін жеткізгені туралы жазған едік. 

Қарлығаш Асқарова
Сәрсенбі, 25 Қараша, 2026 14:30