Ферхунде мен Шах сұлтан рөлдері арқылы танылған Дениз Чакыр есірткіге қатысты іс бойынша ұсталды
Түркияда "Сүлеймен сұлтан" сериалындағы Шах сұлтан рөлімен танылған актриса Дениз Чакыр ұсталды. Ол түрік шоу-бизнес өкілдеріне қатысты есірткі ісі бойынша жүргізіліп жатқан тергеудің жаңа кезеңінде ұсталғандардың қатарында болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Hurriyet-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Түркия бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, өнер адамдарына қатысты арнайы операциялар 2025 жылғы 8 қазанда басталған. Істі Ыстанбұл прокуратурасы тергеп жатыр.
Тергеу есірткі және психотроптық заттарды заңсыз айналымға енгізу, тарату, тұтыну және сақтау, сондай-ақ жезөкшелікке қатысты бірқатар қылмысты қамтиды.
Тергеудің кезекті кезеңінде құқық қорғау органдары 35 адамды ұстауға рұқсат алған. TRT Haber телеарнасының мәліметінше, олардың 23-і ұсталған. Арасында Дениз Чакыр, танымал актер әрі әнші Өзжан Дениз және актриса Бурджу Өзберк бар.
Прокуратура күдіктілер мен куәгерлердің жауаптарын, ұялы телефондар мен басқа да электронды құрылғылардағы деректерді, сондай-ақ құпия куәгерлер берген мәліметтерді зерделегенін хабарлады.
Әзірге Дениз Чакырдың нақты қандай қылмысқа күдікті екені жарияланған жоқ. Актрисаның ұсталғаны оның кінәсі дәлелденді дегенді білдірмейді.

Дениз Чакыр кім?
Дениз Чакыр – түрік театр және кино актрисасы. Ол 1982 жылғы 31 желтоқсанда Анкара қаласында дүниеге келген.
Актриса әлем көрермендеріне "Сүлеймен сұлтан" сериалындағы Шах сұлтан рөлі арқылы танылды. Ол Сүлеймен сұлтанның қарындасын сомдап, Хүррем сұлтанмен тартысқа түскен басты кейіпкерлердің бірі болды.
Сондай-ақ актриса "Жапырақтар төгілгенде", "Иффет" және басқа да телехикаяларға түскен.
Есірткі ісіне тағы қандай танымал тұлғалардың қатысы бар?
Түркияда бір жылдан астам уақыт бойы жүргізіліп келе жатқан ауқымды тергеу барысында ондаған актер, әнші, модель және шоу-бизнес өкілі құқық қорғау органдарының назарына іліккен.
Биыл сәуір айында түрік басылымдары актер Бурак Дениз бен тағы бірнеше өнер иесінің қан және шаш үлгілерінен тыйым салынған заттардың іздері анықталғанын хабарлаған еді.
Бұған дейін "Есігімді қақ" сериалының жұлдызы Ханде Эрчелге қатысты да ұстау туралы ордер берілген. Шетелде жүрген актриса Ыстанбұлға оралғаннан кейін құқық қорғау органдарына өз еркімен барып, жауап берген.
Қазір тергеу жалғасып жатыр.
Бір бренд, бірақ Қазақстанда әлдеқайда қымбат: Zara, Adidas және Massimo Dutti тауарлары үшін неге артық төлейміз