Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Депутат Қазақстанда энергетикалық сусындарды өндіруге және елге әкелуге толық тыйым салуды ұсынды

энергетик
Фото: Pexels

Құрылтай депутаты Мақсұт Насибулов премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, энергетикалық сусындардың адам денсаулығына әсерін жан-жақты зерттеуді және олардың айналымына қатысты талаптарды күшейтуді ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Депутаттың айтуынша, энергетикалық сусындар адамның жұмысқа қабілетін арттыратын, күш-қуат беретін өнім ретінде жарнамаланады. Ал тұтынушылар сусынның құрамына, оны жиі ішудің салдарына көп мән бере бермейді.

"Энергетикалық сусындарға кәдімгі жеміс шырыны немесе компот сияқты қарауға болмайды. Еуропаның азық-түлік қауіпсіздігі агенттігінің мәліметінше, тәулігіне 100 миллиграмм кофеиннің өзі ұйқыны бұзуы мүмкін. Ал оған көп мөлшердегі қант пен ағзаны ынталандыратын басқа да заттарды қоссаңыз, ерте ме, кеш пе, зардабын тигізетін бомбаға айналады. Мәселен, былтыр маусымда Павлодарда 20 жастағы жігіт жүрек жеткіліксіздігінің ауыр түрімен жансақтау бөліміне түсті. Дәрігерлердің айтуынша, ол екі жылға жуық күн сайын төрт құтыға дейін энергетикалық сусын ішкен. Ал былтыр желтоқсанда Алматыда 34 жастағы науқасқа жүрек ауыстыру операциясы жасалды. БАҚ мәліметінше, ол күніне 8-10 энергетикалық сусын ішкен", – деді Мақсұт Насибулов.

Қазақстанда 2025 жылдың қаңтарынан бастап 21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусын сатуға тыйым салынған. Ал биылдан бастап бұл өнімдерге акциз салығы енгізілді. Алайда депутаттың айтуынша, қабылданған шараларға қарамастан, энергетикалық сусындардың сатылымы өсіп келеді.

Энергетикалық сусындарды өндірушілер мен импорттаушылар қауымдастығының мәліметінше, 2023 жылы Қазақстанда 215 миллион литр энергетикалық сусын сатылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 355 миллион литрге жеткен. Ал Statista халықаралық компаниясының бағалауынша, былтыр еліміздегі энергетикалық сусындар нарығының көлемі 93 миллион долларды құраған.

Осыған байланысты Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының депутаттары үкіметке бірқатар ұсыныс жолдады. Олар:

  • 21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусын сату деректерін анықтап, интернет арқылы сатылуын бақылау;
  • энергетикалық сусындардың адам денсаулығына әсерін ғылыми тұрғыдан зерттеу;
  • дүкен сөрелеріндегі энергетикалық сусындардың құрамында қанша кофеин және басқа да ынталандырушы заттар барын тексеру;
  • БАҚ пен әлеуметтік желілердегі жарнамасын шектеу;
  • халықаралық тәжірибені зерттеп, Қазақстанда энергетикалық сусындарды өндіруге, елге әкелуге және сатуға толықтай тыйым салу мүмкіндігін қарастыру.

"Энергетикалық сусындар мәселесі тек тұтынушының жеке таңдауымен шектелмейді. Сатып алушылардың жасын тексеріп, талапты бұзған сатушыларға айыппұл салумен ғана шектелуге болмайды. Бұл саладағы мемлекеттік саясат халықтың денсаулығына төнетін қауіпті объективті бағалауға және нарықты ғылыми негізде реттеуге сүйенуі керек. Халықтың денсаулығын қорғау өндірушілердің коммерциялық мүддесінен жоғары тұруы тиіс. Ұлттың денсаулығы энергетикалық сусын өндірушілердің табыс көзіне айналмауы керек", – деді депутат.

Депутаттар жас шектеуі мен акциз салығының энергетикалық сусындарды тұтыну көлемін азайтуға неге ықпал етпегенін де анықтауды сұрады.

Еске салсақ, бұған дейін Петропавлда ащы лапша жеп, артынан газдалған сусын мен энергетик ішкен ер адам жедел панкреатит диагнозымен ауруханаға түскен еді. Науқастың жағдайы күрт нашарлап, шұғыл ота жасалған. Дәрігерлер 12 күн бойы оның өмірін сақтап қалу үшін күрескен. Ер адам 20 күн ем қабылдаған соң ауруханадан шығарылды.

Қарлығаш Асқарова
Сәрсенбі, 25 Қараша, 2026 13:22