Ащы лапшаны газдалған сусын және энергетикпен бірге жеген: Петропавлда ер адам жансақтау бөліміне түсті
Петропавлда ащы лапша жеп, артынан газдалған сусын мен энергетик ішкен ер адам ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оны жансақтау бөліміне жатқызып, өмірін сақтап қалу үшін күрескен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасының мәліметінше, науқас ауруханаға жедел панкреатит диагнозымен түскен.
“Науқастың бұған дейін де осындай ұстамалары болған. Алайда мұндай қатты ауырсынуды алғаш рет сезінген. Оқиға алдында ол дәрігер ұсынған диетаны бұзып, ащы лапша жеп, артынан газдалған сусын мен энергетик ішкен. Түнде іші қатты ауыра бастаған. Таң атқанша шыдауға тырысқанымен, кейін жедел жәрдем шақыруға мәжбүр болған”, – делінген аурухана хабарламасында.
Алғашында ер адам хирургия бөліміне жатқызылған. Алайда жағдайы күрт нашарлап, шұғыл ота жасауға тура келген.
“Отадан кейін науқас жансақтау бөліміне ауыстырылды. Кейін тыныс алуында күрделі мәселелер туындап, жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылды. Жансақтау бөлімінің дәрігерлері мен медицина қызметкерлері 12 күн бойы оның өмірін сақтап қалу үшін күресіп, жағдайын тұрақтандыруға бар күшін салды”, – делінген аурухана хабарламасында.
Ер адам алғашқы күндері айналасында не болып жатқанын түсінбеген. Кейін жағдайы біртіндеп жақсарып, есін жиып, қалпына келе бастаған.
“20 күн ем қабылдаған соң науқас жағдайы тұрақты әрі қанағаттанарлық күйде үйіне шығарылады. Ауруханадан шығар алдында ол осы уақыт бойы жанынан табылып, көмектескен медицина қызметкерлеріне жеке алғысын білдірді. Біз үшін мұндай сөздер өте маңызды. Оның артында науқастың сенімі, бастан өткерген қиындықтары және емнің сәтті аяқталғанына деген қуаныш жатыр”, – делінген хабарламада.
Дәрігерлер панкреатит кезінде олардың ұсынымын қатаң сақтап, белгіленген диетаны ұстану керегін ескертті. Сонымен қатар тамақтану тәртібін бұзу салдарын елемеуге болмайтынын, оның соңы ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін екенін айтты.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда энергетикалық сусындарды өндіруге, елге әкелуге және сатуға толық тыйым салу туралы петиция жарияланғаны туралы жазған едік.