"Мені ешкім сағынбасын. Сен сағын!" Төреғали Төреәлі жарына арнап жаңа ән шығарды
Танымал әнші Төреғали Төреәлі сүйікті жарына арнап жаңа әнін жарыққа шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Махаббат пен сағынышқа толы туындысын өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында таныстырды.
Жаңа әннің сөзін белгілі ақын Қалқаман Сарин жазса, әуенін композитор Алмас Мұхтарұлы шығарған. Туындыда сүйген адамға деген сағыныш пен шынайы сезім жырланады.
“Мені ешкім сағынбасын. Сен сағын!” – деп басталатын әнде ақын қос ғашықтың арасындағы ерекше байланысты әсерлі жеткізген.
Төреғали Төреәлі жаңа туындысын таныстыра отырып, ерлі-зайыптылар арасындағы махаббат пен отбасылық құндылықтар туралы да ойын ортаға салды.
“Ерлі-зайыптылар бірін-бірі өмір бойы сүйіп өтуі керек. Қалғаны өзінен-өзі шешіледі”, – деп жазды әнші.
Айта кетейік, бұл Төреғали Төреәлінің жұбайына арнаған алғашқы әні емес. Бұған дейін жарына арнап орындаған “Толқыным” әні көпшілікке кеңінен танылып, тыңдарманның сүйікті туындыларының біріне айналған еді.
Еске салайық, бұған дейін Төреғали Төреәлінің жары Толқын тұңғышы Кәусардың еңбектегенін айтып, көпшіліктен сүйінші сұрағаны хабарланған еді. Оның айтуынша, Кәусар бес жасына дейін Қытайда ем алып, бірнеше күрделі отадан өткен. Осы жылдар ішінде отбасы қызының денсаулығын жақсарту үшін ем-домын үзбей жалғастырып келген. Әншінің жары бұл сәтті 11 жылға созылған еңбектің жемісі деп бағалады.
